Қазақстандық жасөспірімдердің 30 процентке жуығы ғана белсенді өмір салтын ұстанады

Қазақстандық жасөспірімдердің 30 процентке жуығы ғана белсенді өмір салтын ұстанады

Қазақстандық жасөспірімдердің 30 процентке жуығы ғана спортпен шұғылданады. Балалар арасындағы семіздік жиі кездеседі. Ал әскерге шақырылатын жігіттердің 40 проценті денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтің талаптарына сай келмейді. Бұл туралы «Мектеп спорт федерациясы» ЗТБ ресми өкілі Әлия Түсіпбекова мәлім етті.

«Дене шынықтыру сабақтары балалардың денесін шынықтырып, спортқа баулу бойынша қажеттілікке жауап бермейді. Балалардың бір бөлігі көз ауруынан қиналса, екінші бөлігі семіздіктен де қиындық көріп отыр. Балалардың мүгедектігінің артып келе жатқаны алаңдатады. Мұндағы негізгі себептер – туабітті аномалия, жүйке жүйесінің аурулары мен психикалық ауытқушылықтар. Балалардың денесін шынықтыру және сауықтыру бойынша білікті мамандар жетіспейді», - деді спикер.

Елімізде бұқаралық спортты дәріптеу және насихаттау бағытында жаңа жоба туралы «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу - әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК-ның директоры Абзал Мыхыбаев айтып берді.

«Бұқаралық спорт, белсенді ел кепілдігі» атты жоба жарыққа шықты. Ол жай ғана ақпараттық болып қана табылмайды, сонымен қатар ол әдістемелік түсіндірме ретінде жұмыс істейді. Физикалық белсенділіктің пайдасы немесе белгілі бір спорт түрінің денсаулыққа қандай әсері болатынан жауап ала алады. Сонымен қатар, бұл жобаның басты ерекшелігі, онда спорттық нысандардың картасы бар. Мысалы, кез келген адам аталмыш сайтқа кіріп, мақалаларды қарап, өзі үшін қолайлы спорт түрін таңдайды да «белсенді болу» нұсқасын басу арқылы өз аумағындағы барлық спорт нысандарының мекен жайын біле алады» -, деді Абзал Тұңғатарұлы.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында бұқаралық спортты дамыту және насихаттауға аса мән беру керек екендігін тоқталған болатын. Бүгінде елімізде 23 мың спорт нысаны салынған. Оларға футбол, баскетбол, волейбол алаңдары жатады. 2025 жылға дейін олардың санын 30 мыңға дейін көбейту жоспарланған.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: informburo.kz