Елордада волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша шағын гранттар байқауы басталды

Елордада волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша шағын гранттар байқауы басталды

Нұр-Сұлтанда волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша шағын гранттар байқауы басталды. Оның аясында 22 жеңімпаз анықталып, әрқайсысына 300 мың теңгеден беріледі. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Конкурсқа 14-29 жас аралығындағы жеке тұлғаларға, бастамашыл топтарға және Нұр-Сұлтан қаласының үкіметтік емес ұйым мүшелеріне қатысу рұқсат етіледі. Өтініш жекелей берілген жағдайда, өтініш беруші 14 жастан жоғары болуы тиіс. Бастамашыл топтың атынан өтініш берген жағдайда, топ жетекшісі мен мүшелері 14-29 жас аралығында болуы тиіс. Байқауға қатысуға бастамашыл топтың басшысы барлық мүшелерін көрсете отырып, өтінімді тікелей беруге тиіс»,- делінген хабарламада.

Жобалар келесі бағыттар бойынша қабылданады:

- экологиялық ағарту жұмыстары бойынша волонтерлік жобалар;

- оқушы, студент жастар мен әлеуметтік топтарға білім беруге бағытталған жобалар;

- балалар және қарттар үйіндегі адамдарды қолдауға бағытталған жобалар;

- мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған жобалар;

- мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарихи ескерткіштерді, мәдени-мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтауға бағытталған жобалар;

- құқық қорғау және табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жобалар;

- инновациялық жобалар; ғылыми жаңалықтар;

- компьютерлік бағдарламалау;

- экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастыруға арналған жобалар;

- әлеуметтік мәдени және спорттық жобалар;

- шығармашылық және қайырымдылық іс-шаралар;

- медициналық бағыттағы және карантин кезінде іске асырылатын жобалар; әдебиет пен тілге қатысты жобалар;

- жастар белсенділігін дамытуға арналған жобалар;

- бапқа сай келетін басқа бағыттар.

Әкімдіктің хабарлауынша, жоба келісімшартқа қол қойылғаннан бастап 2 ай көлемінде жүзеге асырылуы тиіс.

Сондай-ақ, жоба аясында еңбекақы төлеуге, кеңсенің қамтылуына және басқа да әкімшілік шығындарға жұмсауға болмайды. Шығындар волонтерлік бастамаларды іске асыру үшін түрлі шығыс материалдарына (жабдықтау, құрал-сайман, құрылғыны жалға алу және т.б.) жұмсалуы тиіс.

Байқауға қатысу үшін өтінімдерді 25 қыркүйегіне дейін volonter_zhastar@bk.ru электронды почтасына жіберу қажет. Грант иегерлерін іріктеу 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Іріктеудің аяқталуы туралы хабарландыру ұйымдастырушылардың ресми сайты www.adyrna.kz мен @NS_JASTARY әлеуметтік желідегі @ADYRNA.KZ/ @NS_JASTARY instagram парақшаcында жарияланады.

 

Фото: elorda.info