Болашақ – онлайн: халықаралық стипендияны тағайындау ережелері өзгертілді

Болашақ – онлайн: халықаралық стипендияны тағайындау ережелері өзгертілді

«Болашақ» халықаралық стипендиясын үйден шықпай-ақ алу мүмкіндігі жасалмақ. Биылдан бастап оны тағайындаудың байқау рәсімдері толығымен автоматтандырылып, бірыңғай онлайн-платформада өтіп жатыр. Үлгі ретінде Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүйесі алынды. Құжаттарды қабылдау цифрландырылып, тек egov.kz порталында жүзеге асырылады деп хабарлайды  ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Енді үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріледі. Өтініш берушінің жеке деректері бірегей сәйкестендіру жүйесі арқылы кодталады.

Іріктеудің І кезеңі – кешенді тестілеу мазмұны сапалық тұрғыдан өзгертілді. 2020 жылдан бастап үміткерлердің өздігінен өтініш беруіне қойылатын негізгі талаптарды ескере отырып, пәндік білімді тексеру қажеттілігі жойылды. Онлайн форматта өтетін тестілеу енді вербалдық, сандық және дағдылық-тұлғалық сұрақтардан тұрады. Сондай-ақ, сұрақтар үміткердің қысқа мерзімде жаңа ақпаратты өңдей алу, талдау, тұлғалық қабілетін анықтауға бағытталған.

Онлайн платформада қолданылатын прокторинг жүйесі үміткерлердің жұмыс парағын қалдырып, келесі параққа өтуіне немесе тестілеу уақытында жаңа терезені ашуына мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдайда жүйе оны бұғаттап, тестілеу нәтижелері жойылады.

ІІ кезең – Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес сұхбат та онлайн өтеді. Оның барысында сарапшылар сұрақтарын  үміткерге жеке кодымен идентификациялау арқылы ғана қойып, нақты критерийлер бойынша бірден бағалайды. 

«Сарапшылардың бағасын жүйеде ғана көруге болады. Әрбір сарапшы өзінің үміткерге қойған жеке бағасын ғана көре алады. Конкурстық іріктеудің барлық кезеңі бейне және аудио жазбаға алынатынын атап өту маңызды. Демек, онлайн формат пен автоматтандыру жүйесі «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеудің сапасын арттырып қана қоймай, бүкіл іріктеу жүйесін ашық, қолжетімді, ыңғайлы әрі мобильді ете алады», - делінген салалық ведомства таратқан ақпаратта.

Конкурстық іріктеудің екі кезеңінің қорытындысы бойынша соңғы  шешімді Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қабылдайды. Айта кетейік,  2020 жылғы 4-9 қыркүйек аралығында конкурстық іріктеудің бірінші легіне «магистратура» бойынша - 100 үміткер, «докторантураға» - 9 адам, «тағылымдамаға» - 5 адам, барлығы 114 үміткер қатысты.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: caravan.kz