Central Asia nobel fest live: 1,5 мыңнан астам адам тіркеуден өтті

Central Asia nobel fest live: 1,5 мыңнан астам адам тіркеуден өтті

Коронавирус инфекциясының өршуі білім индустриясына кері әсерін тигізбей қоймады. Қатерлі індет салдары саланың барлық бағыттарына оның ішінде инклюзивті білім беру жүйесіне де ықпал етіп отыр. Ғылыми жиынның қатысушылары әлем бойынша балалардың тең дәрежеде білім алуға деген қолжетімділікті қамтамасыз етудің тиімді жолдарын қарастыратын болады. Айта кетейік, Central Asia nobel fest live фестивалі онлайн режимінде өтеді. Тікелей байланысқа йемендік журналист, саясаттанушы Тавакуль Карман, үндістандық бала құқықтары бойынша белсенді күрескер Кайлаш Сатьяртхи сынды халықаралық деңгейде танымал тұлғалар шығады деп күтілуде. 

Мамандардың айтуынша, соңғы кездері экономикалық мәселелерді шешу жолдарының бірі ретінде инклюзивті білім беру мәселесі жиі көтерілетін болыпты. Өйткені бұл жүйе саланың әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты шығындарын азайтудың бірден-бір оңтайлы шешімі деп саналады екен. Бұған қоса технологиялық базаны дамытып, жалпы экономиканы жақсартуға ықпал ететін көрінеді. Қазақстан да бұл мәселеге басымдық беруді қолға алған. Білім және ғылым министрлігінің берген есебіне сай, елімізде сапалы инклюзивті білім беруге деген сұраныс артып келеді. Сондықтан біздегі бар мектептердің 70% оған қажетті жағдай жасалып, инфроқұрылымы жасақталады.

Сонымен қатар фестиваль барысында әлемді жаһандық сын тегеріндерге бейімдеуге қатысты өзге де мәселелер көтеріліп, кең талқыға түсетін болады. Жиынға 7 Нобель сыйлығы лауреаты мен 3 Breakthrough Prizе «ғылыми Оскар» иегері қатысады деп жоспарланған. Жалпы бүгінге дейін әлемнің 20 мемлекеті, 94 қаласы мен 104 университеттің 1500 ден астам өкілі онлайн кездесуге қатысатындарын растап, тіркеуден өткен.

 

Фото: nobel-fest.inpolicy.net


×