Румыния астанасында Абай ескерткіші орнатылды

Румыния астанасында Абай ескерткіші орнатылды

Румыния астанасы Бухарест қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Игі шара қазақтың ұлы ақынының 175 жылдық мерейтойына арналды. Осы елдегі Қазақстанның Елшісі Нұрбах Рүстемов өзінің құттықтау сөзінде қазақ ойшылына тұрғызылған мүсін Қазақстан мен Румыния халықтарының өзара сыйластығының, екі елдің тарихын тани отырып, жаңа ұрпақты тәрбиелеудің көрнекі үлгісі екенін атап өтті.

«Еуропалық мәдениетке тарту Қазақ мәдениетінің реформаторы Абай Құнанбайұлының ұмтылысының бірі болып табылатыны және оның ұлы мұрасы Шығыс пен батыс мәдениетіне бірдей ортақ дүние», - деді  дипломат.

Өз кезегінде Румынияның экс-Президенті Эмиль Константинеску мен Парламент депутаттары палатасының вице-спикері, “Қазақстан-Румыния” парламентаралық достық тобының төрағасы Флорин Иордаке әлемдік деңгейдегі ұлы ақынға ескерткіш орнату Бухарестің өміріндегі жаңа тарихи кезеңге айналатынын айтты. Бұл ұлы ақынның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін Қазақстан халқына құрмет екенін жеткізді.

Шара барысында Абайдың «Қара сөздерін» румын тіліне аударған белгілі лингвист Антоанета Олтяну ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді. Іс-шараның мәнді де мазмұнды өтуіне Румынияда тұратын жас қазақстандық суретші Алуа Тебенованың экспозициясы да үлкен үлес қосты. Қылқалам шебері өз туындыларында  қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің мәнін жеткізіп жүр.

 

Фото: kazpravda.kz