Қазақстандық мектептердің жұмысы қашан жанданады? БҒМ екінші кезеңде мектеп жұмысын штаттық режимде жаңарту бойынша ұсыныс әзірледі

Қазақстандық мектептердің жұмысы қашан жанданады? БҒМ екінші кезеңде мектеп жұмысын штаттық режимде жаңарту бойынша ұсыныс әзірледі

Білім және ғылым министрлігі екінші кезеңде мектеп жұмысын штаттық режимде жаңарту бойынша ұсыныс әзірледі. Бұл туралы ОКҚ өткен брифинг барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, пандемия басталғаннан бері 2,4 мыңнан астам қазақстандық бала коронавируспен ауырды. Бүгінде 34 бала ем алып жатыр. Қатерлі індет қоғамға әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан дәстүрлі оқу үрдісіне көшу әлі ерте дейді, спикер

«Осындай жағдайдағы Үкіметтің міндеті – жалпы қауіпті вирустан балаларды және қазақстандықтарды барынша қауіпсіздендіру. Тіпті балалар коронавирусты жеңіл формада бастан өткізгенімен ересектер тәуекел аумағында болады. Олар кейіннен төңірегіне вирус таратуы және инфекцияның жаңа ошақтарын тудыруы мүмкін. Мұндай жайт тәжірибеден-ақ белгілі. Осыған орай оқу жылының 1-тоқсанында оқушылардың негізгі бөлігін қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды», - деді Ералы Тоғжанов.

Министр өз сөзін өзге елердің тәжірибесімен қуаттады. Оның атап өтуінше, бүгінде әлемде 100-ден астам ел балаларға қашықтан білім беріп жатыр. Бастысы өскелең ұрпақтың саулығы.

«Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, бірінші кезеңде жалпы контингенті 800 мың оқушыны құрайтын кезекші сыныптарды және шағын жинақты мектептерді аштық. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі екінші кезеңде мектеп жұмысын штаттық режимде жаңарту бойынша ұсыныс әзірледі. Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінен келіп түсетін барлық ұсыныстар Үкіметте жан-жақты әрі тыңғылықты қаралады. Олар бойынша ең алдымен қазақстандықтардың мүддесіне және балалардың қауіпсіздігіне сай келетін теңгерімді шешім қабылданады», - деді Ералы Тоғжанов.

Еске салайық, Қазақстанда 3,4 млн оқушы бар. Оның 77 пайызы қашықтан оқыту форматында білім алуды бастады.

 

Фото: tengrinews.kz