Сенатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы құжат қаралды

Сенатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы құжат қаралды

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін күзетуге және қорғауға бағытталған.

«Қаралып отырған заң жобасының негізгі мақсаты - туризм объектілерін және ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды салу және олардың жұмыс істеуі үшін бұрын шығарылған әрі мақсаты бойынша пайдаланылмаған жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтару рәсімін оңайлату. Іс жүзінде мұндай жағдайлар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлерінде орын алып, мақсаты бойынша пайдаланылмаған босалқы жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері құрамына қайта ауыстыру мәселесі бар», - деді сенатор Әбдәлі Нұралиев.

Айта кетейік, заң жобасың қабылдау арқылы қоғамда дүрбелең тудырған ұлттық парктерді жекеменшікке бермеу мәселесі оң шешім табатын болды. Сонымен қатар, құжат ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени құндылығы бар әрі кері қайтарылатын жер учаскелерінде орналасқан табиғи кешендерді және табиғи-қорық объектілерін сақтау, экологиялық туризмді дамыту мен табиғат қорғау мекемелерінің өз қаражатын ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады дейді сенатор.

«Біздің пайымдаумызша, Үкімет бекітетін қағидаларда: жер учаскесін қабылдап алатын Комиссия құрылуы, қайтарылатын жерлердің жағдайын анықтау үшін арнайы іздестіру жұмыстарының жүргізілуі, орман орналастыру жобасының жасалуы қарастырылуы қерек», - деді Әбдәлі Нұралиев.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының азаматтардың құқығын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бағыттарында құқықтық негіз қалыптастырудың маңыздылығына тоқталғанына назар аударды.

«Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Соның бәрін дер кезінде және жүйелі түрде жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етейік. Әрбір заң жобасын ұлттық мүдде, өңірлерді дамыту тұрғысынан қарап, талқылайық. Бұл – сенаторлардың міндеті», – деді Мәулен Әшімбаев.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: borovoe.kz