А. Цой: КВИ таралуын болдырмау үшін бірқатар шектеу шаралары күшінде қалады

А. Цой: КВИ таралуын болдырмау үшін бірқатар шектеу шаралары күшінде қалады

Қазақстанда демалыс күндері локдаун сақталады. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой аурудың таралуын болдырмау үшін бірқатар шектеу шарасы күшінде қалатынын жария етті.

«Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы күресте қоғамның рөлі өте маңызды. Алдын алу шаралары қаншалықты сақталса – жағдай соншалықты жеңіл болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшыларының пайымдауынша, мемлекеттердің үкіметтері белсенді түрде басшылық ету жауапкершілігін алып, ал халық шектеу шараларын сақтап, маска киіп, бұқаралық шараларға бармауы тиіс. ДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустың ойынша, бұл – соңғы пандемия емес. Тарихтың өзі індеттің өршуі – өміріміздің бір бөлігі екенін ұқтырады. Швейцарияның федеративті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қазақстанды азаматтары келген кезінде карантин сақтауы тиіс мемлекеттердің тізімінен алып тастағанын атап өту керек», - деді Алексей Цой.

Алексей Цой коронавирустың кезекті толқынына дайындалу мақсатында жыл соңына дейін зертханалық зерттеудің тәуліктік мөлшерін 63 мыңға дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Сондай-ақ министр ЖРВИ мен тұмаудың өршитін уақыты келе жатқанын ескертті.

«Осы эпидемиологиялық кезеңде бірыңғай дистрибьютор тұмауға қарсы 2 млн 199 мың 990 вакцина сатып алып қойды. Бұл мөлшер – жалпы халықтың 11 пайызын қамтуға жол ашады», - деді денсаулық сақтау министрі

Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда дәрі-дәрмектің мөлшері азаймайтын және екі айлық қоры жиналатынын да мәлім етті.  Қазіргі уақытта сұранысқа ие, дәрі-дәрмектің құны 8,2 млрд теңгелік 44 түрі сатып алынуда. Бұл мөлшер стационарлардағы 60 мың науқасты емдеуге жетеді. Сондай-ақ осы жылдың қараша айына дейін елдегі ауруханалар мен емханалар үшін мыңнан аса отандық өндірістегі жедел жәрдем көлігі сатылып алынады.  Министрдің айтуынша инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдетудің 3379 аппараты бар. Қосымша тағы 2619 аппарат сатылып алынады. Оның бір жарым мыңы отандық компанияларда өндірілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kstnews.kz