Жолдау жүктеген міндеттер: бірыңғай білім платформасы

Жолдау жүктеген міндеттер: бірыңғай білім платформасы

Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Бұл туралы күні кеше ғана Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы да ашық айтқан еді.

Коронавирус індеті таралуының қаупі басылмауы салдарынан биыл жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталғаны белгілі.

Бүгінде Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген 8 платформа бар. Елоралық оқушылар BilimLand пен Daryn.online платформасын қолданады. Мұнан бөлек,  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ұстаздар Teams, Zoom бағдарламаларын қолданып, WhatsApp желісімен де жұмыс істейді.

«Мемлекет басшысы орта білім бойынша қашықтан оқыту платформаларының мүмкіндігін арттыру тапсырмасын бергенін білесіздер. Біркелкілендіру, ортақ талаптар қою бойынша жұмысты бастап кеттік. Әрі қарай бұл жұмысты жалғастырып, тиісті деңгейде орындайтын боламыз»,-деді министр ақпарат агенттігіне берген сұқбатында.

Жолдауда 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 2025 жылға қарай 100% қамту міндеті қойылған еді. Асхат Аймағамбетов осы мәселені іске асырудың екі ерекшелігіне де тоқталып өтті.

«Біріншіден, бұл тапсырманы мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жекеменшік балабақшаның үлесін арттыру есебінен орындаймыз. Қысқа уақыттың ішінде жекеменшік секторды дамытудың арқасында өзгеріс болды. Қамту проценті өсті. Ары қарай осы бағытпен жұмыс істеп, балаларды балабақшамен қамту мәселесін шешеміз»,- деді министр.

Оның айтуынша, екінші ерекшелік – ваучерлік тетік.

«Ваучерлік тетік дегеніміз не? Мәселен, бүгінде ата-ана баласының кезегі келгеннен кейін қай балабақшаға баратынын мемлекет көрсетіп береді. Енді мұнан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ваучерлік тетік қолданылады. Яғни, ата-ана өзінің ваучерін алып, өзіне ұнаған, тиімді деген балабақшаны таңдайды. Бұл ең алдымен бәсекелестікті арттырады. Ал бәсекелестік болғанда сапа жақсарады. Сондықтан бұл өте маңызды тапсырма», — деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетерлігі, балалар мен жастардың шығармашылық әлеуеті мақсатында өңірлерде ұлттық қолөнер орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: avtoradio.kz