Тараздың ежелгі мәдениетіне арналған этно-тарихи кешен құрылысының бірінші кезеңі аяқталды

Тараздың ежелгі мәдениетіне арналған этно-тарихи кешен құрылысының бірінші кезеңі аяқталды

Тарихы тереңнен бастау алатын Тараздың тарихи мәдени орындары қайта жаңғыртылуда. Қаладағы «Тектұрмас» кешенін жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Бақылау алаңдары бой көтеріп, Әулие-Атаның 13 метрлік мүсіні, 10 метрлік Лауха (скипетр), қағандардың есімдері жазылған хан шатырлары түріндегі 14 ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды қала әкімдігінен. Енді көне кешенді жаңғыртудың екінші кезеңі басталады. Жоспар бойынша ескі бекініс жөнделіп, аллея бойында аймақтың тарихи құрылымдарының макеттері орын теппек. Мұнда жағажай, жасанды сарқырама және кәсіпкерлік нысандары да салынады деп көзделіп отыр. Олар кешеннің маңындағы Талас өзенінің жағасынан бой көтереді.

Тарихи кешеннің аумағында өрбіген ауқымды құрылыс жұмыстарымен танысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев нысанның отандық және шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Этно-тарихи кешенде бірегей сәулеттік идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Мұндағы әрбір нысан Ежелгі Тараздың мәдениетін айшықтайды. Сәулетшілер барынша қаланың тарихи келбетін, сол уақыттағы бейнесін келістіруге күш жұмсауы керек, сонда келушілер өткенге саяхат жасай алады. Сонымен қатар, кешенде келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалып, заманауи техникалық талаптарға сай болуы тиіс», - деп, атап өтті өңір жетекшісі.

Туристердің көпшілігін мұндағы Атлах және Аңырақай шайқастарына арналған панорамалық соғыс панелі қызықтыруы тиіс. Қазіргі таңда оның жобасы әзірленіп жатыр.

 

Фото: aigak.kz


×