Елеке сазынан біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардың еншісіндегі 850 алтын бұйым табылды

Елеке сазынан біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардың еншісіндегі 850 алтын бұйым табылды

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Елеке сазынан 850 алтын бұйым табылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлердің барлығы салтанатты ат шеруіне арналған. Ғалымдардың бағамдауынша, қазына орта сақ дәуіріне тиесілі. Шамамен біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардың еншісіндегі жәдігерлер.

 «Қазынаны қорғанның өзінен тапқан жоқпыз. Бұл көсемнің зираты құлшылық орны екенінен хабар береді. Көсем қайтыс болған соң осы аумақ киелі орын деп саналып, оған келген халық ата-баба рухына сыйынған. Сақтар мен кейінгі түрік тайпаларында осындай дәстүр болған. Соған байланысты біз мұнда ел билеген көсем жерленді деген тұжырым жасадық», - деді археолог, профессор Әбдеш Төлеубаев.

Археологиялық жұмыстарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жүргізген. Табылған артефактілерден сақ қоғамы бай мен кедей деп топқа бөлінгенін аңғаруға болады. Ғалымдардың пікірінше, үлкен құлақты жолбарыс-пантера үлгісінде жасалған алқа ерекше қызығушылық тудырады. Мифологиялық жануардың аяғына ілінген қоңырау да бар. Сондай-ақ ғалымдарды екі шынжыр сымдағы ақық тастары бар алқа қызықтырды.

«Ежелгі шеберлер бірін-бірі қайталамағаны көрініп тұр. Әрбір шебердің өзіндік қолтаңбасы байқалады. Барлық табылған зат мұқият жасалған. Ат-әбзелдерінің дені жұқа фольгадан әзірленген. Алтыннан тығыздалып жасалған ат-әбзелдерін бұған дейін кездестірген жоқпын», - деді Әбдеш Төлеубаев.

Тағы бір ерекше дүниенің бірі – мысық тұқымдастарға жататын мифологиялық құлақты жыртқыш аң бейнеленген алқа. Табылған жәдігерлердің ерекшелігі – сапасы мен бір-біріне ұқсамайтындығында жатыр.

Сондай-ақ, қазба жұмыстарының жетекшісі Әбдеш Төлеубаев  қорғаннан 50 метр жерде қола мен алтын құятын ұстахана табылғанын атап өтті. Археологтың айтуынша, табылған жәдігерлер – бұл зерттеу жұмыстарының бастапқы нәтижесі ғана. Өйткені археологтардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жетерлік. Таяу арада олар 4 кіші қорғанды зерттеуге кіріседі.

 

Фото: inform.kz