Жаңа оқу жылының алғашқы күндері қалай өтуде?

Жаңа оқу жылының алғашқы күндері қалай өтуде?

Дәстүрлі алғашқы қоңырау үні, партада отырған оқушылар, қоңырау кезінде дәлізде жүгірген балалар. Өкінішке орай биыл оқушылар мұның барлығын бастан кешіре алмады. Айта кетейік, биыл 350 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттады. Биылғы оқу жылында миллионнан астам бала бастауыш сыныпқа қабылданды, олардың 60% кезекші сыныптарда оқуды бастады.

«Әр сыныпта 15 адам оқушы бар, мектептер барлық санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес келеді, ата-аналар балаларға маскалар, қолғаптар кигізіп жібереді. Мектептер санитайзермен қамтамасыз етілген. Парта арасындағы қашықтық сақталады. Бір бала бір партада отырады, кезекші сыныптарда бастауыш білім беру деңгейінің негізгі пәндері оффлайн режимінде өткізіледі, мемлекеттік стандартқа сәйкес сабақтар 40 минуттан. бірінші сыныптарда қазір сабақтар деңгейлі режимде өтеді, қоңырау  әр сыныпқа бөлек беріледі. Кабинеттік жүйе жоқ, оқушылар өз сыныбында отырады. Бастауыш сынып пәндері бойынша әр сыныпқа бір-бірден мұғалім келеді», - деді Алма Мұхамеджанова, Үштілді білім беру орталығының директоры.

Ақ көйлек, костюм, бір шоқ гүл және осы жылдың таптырмас атрибуты – маска. 6 жасар Астаналық Әрсен Төлеген осылай өзінің алғашқы ұстазымен кездесті. Сыңғырлаған алғашқы қоңырау соғылмағанымен бірінші сынып оқушысына барлығы ұнады.

«Маған мектеп өте ұнады. Мен қазірдің өзінде сыныптың ұл-қыздарымен танысып, достастым. Маған барлығы ұнады», - дейді елордалық 32 мектеп-гимназиясының 1-сынып оқушысы Әрсен Төлеген.

Нұр-Сұлтандағы 75 мектептің 8-сынып оқушысы Гаухар Мауина да қашықтан білім беру туралы алған әсерімен бөлісті.

«Әзірге маған барлығы ұнайды. Сабақтан тыс қосымша уақыт пайда болды. Дегенмен, мектепке қайта барып, достарымды жүзбе-жүз көргім келеді», - деді Гаухар.

Айта кетейік, қазақстандық мектеп оқушылары білім беру платформаларынан өзге, екі республикалық «Балапан» және «Ел арна» арналарынан көрсетілетін телесабақтар арқылы да білімдерін толықтыра алады.

«Сабақтың алғашқы күні жоспарға сәйкес өтті. Барлық сабақтар кесте  бойынша шықты. Пікірлер, ескертулер мен ұсыныстар әлеуметтік желілер арқылы қабылдануда. Телесабақты арна түсірген жоқ, біз тек өз телеарнамыздың эфирінде таратамыз. Сабақтары сапалы форматта түсірілгенін айта кеткен жөн. Арна барлық жағынан телесабақтарды өткізуге дайын болды. Бұл тұрғыдан сурдоаудармашыны эфирге қосу процесін айта кеткен жөн. Барлық қызметкерлер телесабақтармен жұмыс істеуге тартылған. Оларды біреу бақылап отыр, біреу сурдоаудармашыны қосумен тікелей эфирді түсіріп жатыр, біреу бағдарламааралық контент дайындауда»,- дейді «Ел Арна» телеарнасының бас редакторы Камила Қамназарова.

Жалпы, республикада мектеп жасындағы 3,3 миллионнан оқушы бар.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: m.ru.sputniknews.kz