«Нұр-Сұлтан – Жидебай» мульти велошеруі ұлы Абайдың туған жеріне аттанды

«Нұр-Сұлтан – Жидебай» мульти велошеруі ұлы Абайдың туған жеріне аттанды

Хакім Абайдың 175 жылдығына орай бүгін әуесқой спортшылар велошеруге шықты. Елордадағы Абай ескерткішінен бастау алған марафон Жидебай қонысындағы «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешенінде аяқталады. Велосапар Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағы арқылы өтеді. Осылайша әуесқой велошабандоздар Ұлы ақынның құрметіне орай мың шақырымдық қашықтықты бағындырмақ. 

«Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Президентіміз         Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласын негізге ала отырып, Хакім Абайдың 175 жылдығын насихаттауға азаматтық үлес қосу ниетімен мульти велошеру ұйымдастыруды ұйғардық. Іс-шараның бірнеше мақсаты бар. Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірін, бай мұрасын және ізбасарларының еңбегін өзіміз тану және танытуға, насихаттауға атсалысу, қалыңжұртшылықты, әсіресе жастарды саламатты өмір салтын ұстануға үндеу,  елді, жерді сүюді, патриотизмді насихаттау, қоршаған ортаны қорғауға, айналаны, табиғатты аялауға үндеу», - дейді велошерудің бастамашысы Ернат Мелсұлы.

Ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы Ернат Мелсұлымен бірге сапарға журналист Дәулетқали Асауов, археолог Жасұлан Үкеев аттанды. Барлығы да әуесқой спортшылар. Ұйымдастырушылар бұл шараны игі дәстүрге айналдырып, аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.

 

Фото: everything.kz