Биылғы алғашқы қоңырау бұрынғыдан өзгеше

Биылғы алғашқы қоңырау бұрынғыдан өзгеше

Бала шақтан болашаққа өтудің алғашқы белгісіндей болған «алғашқы қоңыраудың» үні биыл өзгеше. Әдетте мереке-думанның ордасына айналатын мектептер бұл жолы қаңырап бос тұр. Тек бірінші сыныпқа баратын оқушылар үшін ғана білім ордасының есігі ашық. Онда да дәстүрлі «алғашқы қоңырау» шарасы болмайды. Мектепке баратын бастауыш сынып оқушыларына бірден сынып сағаттары өткізілді. Ал қашықтан оқитын оқушыларға білім сағаты онлайн форматында өтті. Білім күнінде, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің ата-аналары ерекше қобалжулы.

«Әрине, қорқыныш бар. Себебі бастауыш сыныпта алған білім фундамент іспетті. Ол қалай берік болады, солай балам да болашаққа нық қадам басады. Негізгі пәндер ғана мектепте оқытылады екен. Қалғанын енді үйден оқимыз. Біраз қиыншылықтар туындайын деп тұр. Дегенмен, ұстазбен үнемі байланыста болып, барлығын жеңеміз деп сенемін»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Дана Жамбылқызы.

«Биылғы оқу жылын оқушылар гаджет пен смартфонның арқасында бас қосады. Әркім әр жерде жүрсе да, арқа-жарқа болып, 3 ай бойы бірін-бірі көрмеген балалар құттықтау қабылдап жатыр. Алайда мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге оңай емес. Қазіргі дамыған заманда, жаңа  бағдарламамен  әріп дұрыс танымайтын, қалам ұстап дұрыс жаза алмайтын баланы оқыту ата-анаға қиын болары хақ. Сондықтан мен тезірек мына індеттің беті қайтып, дәстүрлі оқы форматына көшсек деймін»,- деп, ата-ана  Жанна Ефремова өз пікірімен бөлісті.

Жалпы елімізде қашықтан оқыту қалай ұйымдастырылады? Мұғалімдер онлайн платформаға білім беруге  дайын ба? Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 350 мың мұғалім қашықтан оқыту әдісін меңгеру үшін арнайы курс оқыған.

«Білім министрлігі дайындаған 2 курс бар, соған қоса өзіміз басқа да курстарға барып, қатысып, бірнеше сертификат алдық. Жазғы демалыс кезінде ұстаздарға арналған 40 сағаттық НЗМ ұйымдастырған курстар болды. Онда қашықтан оқыту форматы егжей-тегжейлі көрсетіліп, оқытылды. Балалардықашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту 8 интернет платформада жүргізіледі. Екінші бағытта балалар телеарналар арқылы сабақ оқиды. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабақтарға тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр»,- дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Еркегүл Жұпархан.

Айта кетейік, биыл 3,3 млн оқушы орта білім алады. Оның ішінде 380 мың бала – бірінші сыныпқа қабылданды. Бұл ретте оқушылардың 80% немесе 2,6 млн бала қашықтан білім алады. Бастауыш сынып оқушыларының 15% немесе 530 мың баланың ата-аналары кезекші сыныпта оқытуға өтініш берген. Қалған 5% балалар шағын жинақты дәстүрлі форматта оқитын болады. Олардың саны - 202 мың бала.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: stan.kz