Елордалық 40 мыңнан аса оқушы кезекші сыныпта білім алады

Елордалық 40 мыңнан аса оқушы кезекші сыныпта білім алады

Елімізде ата-аналардың 50% эпидемиологиялық жағдайға қарамастан балаларын кезекші топтарға жіберуге шешім қабылдады. Бүгінде 40 мыңнан аса оқушының ата-анасы өтініш жазып үлгерген. Ал қалған тең жартысы қашықтан немесе үйде оқитын болады. Нұр-Сұлтанда 1 қыркүйекте 3 мыңға жуық кезекші топ өз жұмысын бастайды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді.

Сонымен бірге, тиісті ведомство бұған дейін кезекші топтардағы мұғалімдерге жұмыс істеген сағаттары үшін қосымша ақы төленетіндігін атап өткен болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, 26 мыңға жуық бүлдіршін үшін қоңырау алғашқы соғылады. Жалпы, қалада 82 мың бала бастауыш біліммен қамтылған. Қалған оқушылар үшін бірінші тоқсан қашықтан оқу форматында өтеді. Алайда билік бұл уақытша шара екеніне сенімді және мектептерге балаларды қайтаруға дайындалуда.

«Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында орта білім беретін 117 мектеп жұмыс істейді. Бұған қоса биылғы оқу жылында 3 жаңа мектеп ашылады деп жоспарланған. Оның екеуі - жалпы орта мектеп болса, біреуі - мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы мектеп саналады. Елорда бойынша оқу жылының басында мектеп оқушыларының саны 202 мыңнан асады деп болжап отырмыз. 1-сыныпқа 26 мыңнан астам оқушы қабылданады. Бүгінгі күні 23 164 өтініш берілді», - деді Шолпан Қадырова

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: 24.kz