Қазақстанның екі облысында экопарктер мен визит-орталықтар салынады

Қазақстанның екі облысында экопарктер мен визит-орталықтар салынады

Маңғыстау облысында алдағы 2 жылда екі туристік визит-орталық ашылады. Онда глемпинг, кемпинг, шатырлы қалашықтарға арналған орындар, қонақ үйлер және этно-ауылдар орналастырырлады. Осындай жағдайлар жасау өңірдің бай мұрасын қазақстандықтар арасында да, шетелдік азаматтар арасында да насихаттауға ықпал етеді. Бұл туралы Ақтауда саланы дамыту мәселелері бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің, жергілікті әкімшіліктің және Kazakh Tourism компаниясының өкілдері қатысқан екі күндік кеңес барысында белгілі болды.

«Маңғыстау қызықты тарихи-мәдени нысандардың, ландшафттардың, қажылық орындарының алуан түрлілігімен, салт-дәстүрлерге берік ұстанушылығымен ерекшеленеді. Өңірдің аумақтық орналасуы да бірегей, біз Каспий теңізі арқылы бірден бес шет мемлекетпен шектесеміз, ал бұл көп миллиондық әлеуетті нарық. Сондықтан өңір соңғы жылдары өзінің туристік әлеуетін барынша іске асырғысы келеді. Біз ұсыныстарға ашықпыз»,-деді аймақ әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, Маңғыстаудың туристік инфрақұрылым    мен инвесторлар тартуда әлеуеті мол. Алайда осы мақсатта туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін туристік дестинацияны инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымы объектілерімен қамтамасыз ету маңызды. Бүгінгі таңда облыста 8 нысан мен 12 бірлік санитарлық-гигиеналық тораптың құрылысы басталып, жүргізілуде, кезең-кезеңімен тағы 10 инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған.

«Облыста туризмді дамыту аясында республикалық бюджеттен 12 санитарлық-гигиеналық қондырғының құрылысына 144 миллион теңге бөлінді, облыс әкімдігі оларды облыстың - Маңғыстау, Қарақиян және Түпқараған аудандарында орналастыру туралы шешім қабылдады. Бүгінгі таңда жеткізушілер анықталып, құрылыстың 95% аяқталды. Келесі жылы туристердің туристік орындарға жетуін жеңілдететін арнайы жол көрсеткіш белгілер орнату жоспарлануда, сонымен бірге біз аялдамаларға Ақтау қаласындағы облыстың ең тартымды туристік орындары туралы ақпарат орналастыруды жоспарлап отырмыз », - деді Маңғыстау облысы бойынша инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Тілеген Едігеев.

Ал ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында екі экологиялық саябақ салынады. Бұл туралы қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мәлімдеді. Соның бірі Талдыкөл көлінің жанында болады. Жоспарланған аумақ қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы - 5700 гектар.

Сондай-ақ аумақ бойында болашақ биологтар мен орнитологтар үшін көру алаңдары мен эксклюзивті білім беру орталықтарын салу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, саябақтың құрылуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен сирек кездесетін құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік береді. Майбалық көліндегі екінші экопарк те сол сияқты тартымды орын болмақ Оның жалпы ауданы – 400 гектар, су қоймалары – 120 гектар. Саябақ кешенінде балық аулауға арналған жасанды су қоймалары, ерекше қорғалатын жағалау аймақтары, серуендеу және велосипед жолдары, спорттың белсенді түрлері үшін аймақтар және аумақтың бірегей экожүйесін сақтауға арналған алаңдар құру қарастырылған. Сонымен қатар туристерді жануарлар дүниесінің алуан түрімен таныстыруға арналған экологиялық маршруттар мен соқпақтар жасау жоспарлануда.

«Бүгінде қала «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» бас жоспары аясында дамып келеді. Осы құжаттың міндеттерінің бірі – елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін тартымды орталықтар құрып, ішкі туризмді дамыту. Осындай эко-парктер Нұр-Сұлтанның жасыл белдеуін қалыптастыру жобасына сәйкес келеді және демалушылардың сүйікті орнына айналуы мүмкін. Жобаның тұжырымдамасы – барлық биоалуантүрлілік пен табиғи көріністермен белгілі бір қорғалатын аумақ құру. Экологиялық туризмді ат маршруттарын құра отырып дамыту жоспарлануда. Осы мақсатта саябақтың қонақтары үшін арнайы соқпақтар жасалады», – дейді сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаев.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: businessfm.kz