Кезекші топтармен жұмыс істейтін мұғалімдерге қосымша ақы төленеді

Кезекші топтармен жұмыс істейтін мұғалімдерге қосымша ақы төленеді

Қазақстандық оқушылар үшін бірінші тоқсан қашықтан өтсе, мұғалімдер кезекші сыныптарда жұмыс істейтін болады. Балалар топтарға бөлінетіндіктен, жұмыс сағаты да арта түседі. Жоспардан тыс жүктеме алған педагогтар қосымша ақы алатын болады. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

«Педагогке жүктеме де артады. Дегенмен, педагог қосымша жұмысы үшін қосымша ақы да алады. Яғни, егер қазіргі уақытта онда 28 сағат болса, педагог барлық 28 сағат үшін жалақы алады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оқушылардың 80% немесе 2,6 млн бала қашықтан білім алады. Бастауыш сынып оқушыларының 15% немесе 530 мың баланың ата-аналары кезекші сыныпта оқытуға өтініш берген. Тағы 5% шағын жинақты дәстүрлі форматта оқитын болады. Олардың саны - 202 мың бала, деді министр. Сондай-ақ, кезекші топтар үшін үзіліс әртүрлі уақытта болады. Сабақтың басталуы да әртүрлі уақытта жүргізіледі.

«Балалар бір кабинетте ғана оқиды. Әдеттегідей бір кабинеттен екінші кабинетке көшіп оқуға жол бермейміз деп шештік», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен бірге, ведомство басшысы 1 қыркүйекте өтетін шаралар туралы айтып берді. Кезекші топтардағы балалар үшін сынып сағаттары ұйымдастырылады. Ал қашықтан оқитын оқушыларға Білім күні мектепке барудың қажеті жоқ.

Автор: Данагүл Біләлова

 

Фото: elorda.info