29 тамызда әлем Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеді

29 тамызда әлем Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеді
Елбасы кітапханасы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған видеотур әзірледі. Жоба Қазақстан жерінде ядролық сынақ жүргізуге тыйым салу жолындағы күрес тарихын баяндайды. Егемен ел атанған тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама танытып, батыл шешім қабылдауының арқасында осы күресте жеңіске қол жеткіздік. Көрермендерге таңдаулы мұрағат материалдары, фото және видеоматериалдар, мақалалар, музей жәдігерлері және Елбасы кітапханасы қорының кітаптары ұсынылып отыр.
 
«Видеотур біздің ел тарихындағы ең қиын сынақтардың бірін бастан өткерген кезеңнен сыр шертеді. Біз жүз мыңдаған адамның ядролық соққыдан зардап шеккен сол жылдардың естелігін құрметтейміз. Тәуелсіз елдің бейбітшілігі мен тыныштығы - бұл Қазақстан халқының басты құндылығы. Біз қайғылы оқиғаны қайталамау үшін, болашақ ұрпақтың бейбіт дамуы мен өркендеуі үшін өткен қиын-қыстау кезеңді естен шығрмаймыз. Виртуалды экспозицияда біз полигонның жабылу тарихындағы маңызды оқиғаларды, Елбасының ядролық қарусыздану мәселесіндегі рөлін көрсетуге тырыстық. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің орасан зор еңбегінің нәтижесі әлемдік қауымдастықтың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғаламдық антиядролық қозғалыс құрудағы абсолютті көшбасшылығын мойындауы болды», - дейді «Елбасы» кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы Әмірхан Рахымжанов.
 
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті 1991 жылы 29 тамызда әлемде қуаты бойынша АҚШ-тың Невада полигонынан кейінгі ірі сынақ алаңы «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығына қол қойды. Бұл тарихи шешім 40 жылға созылған қазақ жеріндегі ядролық сынақтарды тоқтатуға мүмкіндік берді. Қазақстанның батыл қадамдары барша әлемге дамудың басқа жолы бар екенін көрсетіп берді, бұл – ядролық қару-жарақтан азат, адамзат игілігі үшін ынтымақтастық пен экономикалық дамуға негізделген бейбіт әлем құру жолы. Еліміздің ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Биыл бұл күн оныншы рет аталып өтіледі.

Сонымен бірге, Қазақстан 2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның бастамашысы және авторларының бірі болды. Бұл жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту бағытында жасалған тағы бір қадам еді. Сонымен бірге, елордада 62-ші Пагуош конференциясы өтіп, онда әлем елдерінің белді сарапшылары ядролық қарудан төнетін қауіп-қатер мәселелерін талқылады. Қазақстанның тұңғыш Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде, халықаралық самиттерде, өзге де беделді алаңдарда дүние жүзі мемлекеттерін жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, атомды бейбіт мақсаттарға ғана пайдалануға үндеп, сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның ядролық сынақтардан азат ел мәртебесіне қатысты сіңірген еңбегін әлемдік қоғамдастық жоғары бағалайды. Бұған жаһандық ядролық қаруды таратпау және қарусыздану ісіне қосқан үлесі үшін берілген халықаралық марапаттары дәлел.

Бүгін, республиканың сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев.
 
«Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерген.

«Елбасының 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды»,- делінген ҚР СІМ хабарламасында.
 
Автор: Әсел Күшенғалиева
 
Фото: azertag.az