Шетелдердегі қандастарға ана тілі онлайн үйретіледі

Шетелдердегі қандастарға ана тілі онлайн үйретіледі

5 мемлекетте қазақ тілін үйрететін онлайн сыныптар ашылады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілхановтың «Отандастар» қорының басшылық құрамымен кездесуінде айтылды. Министрліктің телеграм каналының хабарлауынша, қатысушылар Ресейдің Омск және Түркияның Ыстамбұл қалаларында, сондай-ақ, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан астаналарында мәдени-іскерлік үйлерін және қазақ тілін үйрену бойынша онлайн сыныптарын ашу жобаларын талқылады.

«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов әлемнің 12 елінде 22 онлайн-сыныптың жұмыс жасап тұрғандығын жеткізді. Аталған курстар  әзірге 800 тыңдаушыны қамтып отыр. Өз кезегінде, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов шет елдердегі мәдени-іскерлік үйлерді мазмұндық жағынан сапасын көтеруді және онлайн қазақ тілі сыныптарының санын арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ, кездесуде мәлім болғандай, қор шет елдердегі қандастар құрған қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасауға арналған меморандумдарға келісу жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде әлемнің 25 мемлекетінде 62 меморандумға қол қойылған.

Авторы: Әсел Күшенғалиева