Қазақстанда қашықтан оқытуға байланысты мектеп құралдарына сұраныс азайды

Қазақстанда қашықтан оқытуға байланысты мектеп құралдарына сұраныс азайды

Тамыздың соңғы аптасында қазақстандық мектеп оқушыларының ата-аналары балаларын оқуға дайындай бастайды. Алайда биыл олар кеңсе және оқу жылына керекті тауарларды алуға асығар емес. Елдегі орын алған эпидахуалға байланысты бүгінде 1 қыркүйекке дайындық бір қалыпты жүруде.

«Көп балалы анамын. Балаларымның екеуі мектеп жасында. Біреуі студент атанды. Онлайн оқу болатындықтан канцелярлық тауарлар алуға асығып жатқан жоқпыз. Әйтпегенде бұл кезде жыл сайын түгендеп қоятынбыз. Әзірге тек дәптер, қаламдары ғана дайын. Ең бастысы онлайн оқуға Wi-Fi ноутбуктері бар.  Және  сынып жетекшісі сауалнама толтырған болатын. Сол кезде бір балама компьютер жетіспеушілігі барын айтқан едім. Кеше мектеп әкімшілігінен хабарласып, бір компьютер бөлінгенін айтты»,- дейді көп балалы ана Гүлжанар Бақытқызы.

Дәптер, қалам мен гаджеттер. Бұл – бүгінгі оқушының негізгі жиынтығы. Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары да биыл дәстүрлі үрдіске еніп отыр. Маска мен антисептиктер оқушыларды мектеп партасына қайта отырғызса ең керек құралдардың бірі болмақ дейді ата-аналар.

«Біз бәрін сатып алдық. Оқу онлайн режимінде өтеді, сондықтан рюкзактар сатып алып, мектеп формасын жаңартудың қажеті жоқ. Кеңсе заттарын ғана алдық. Жыл сайын Нұр-Сұлтанда жәрмеңкелер өтеді, онда олар мектепке керекті тауарларды төмен бағада сатады. Мен ұлыма маскалар мен санитайзерлерді сатып алдым. Қазір олар ең керекті заттардың бірі», - деді 14 жастағы Жандостың анасы Жанна Құрманғалиева.

Бүгінгі таңда кеңсе дүкендері иелерінің айтуынша, тауарларға сұраныс төмендеген. Кәсіпкер Анна Мутовкина әр екінші клиенттен айырылғанын айтады. Сонымен қатар қазір қазақстандықтар тауарларды төмен бағамен сатып алуға тырысуда.

«Кеңсе қағаздарын қоспағанда, тауарлардың бағасы бұрынғы деңгейде қалды. Қашықтан оқытуға байланысты сұраныс айтарлықтай төмендеді. Сатып алушылар бар, бірақ олар көбінесе тауарларды арзан бағамен алуға тырысады. Яғни, тауарлардың барлық түрлерінің ішінен ең арзаны таңдалады. Негізінен тек ең қажетті тауарлар - қаламдар мен қарапайым дәптерлер сатып алынады», - деді кәсіпкер.

Естеріңізге сала кетейік, оқу жылы Қазақстандағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан оқу форматында басталады. Ата-аналардың өтініші бойынша мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін кезекшілік сыныптар болады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: e-pepper.ru