Кешенді археологиялық қазба жұмыстары: Асанас қалашығы мен Ырғыз бойындағы олжалар

Кешенді археологиялық қазба жұмыстары: Асанас қалашығы мен Ырғыз бойындағы олжалар

Біздің заманымызға дейін екі мың жыл бұрын қолданыста болған қыш құмыралар, білезіктер, қол орақ пен өзге де еңбек етуге қажетті құрал-саймандар. Мұның барлығы Ақтөбе облысында жүргізілген зерттеу нәтижелерінде анықталды.  Зерттеушілер Ырғыз ауданында табылған тарихи орын, екі зираттың да, ежелгі андронов мәдениеті кезеңіне жататынын дәлелдеді. Зираттың бірі таспен қоршалса, енді бірі құммен жабылған. Бірақ желмен ұшып, топырағы ашыла бастапты. Бүгінде қорымның нақты аумағы анықталып жатыр. Ғалымдар жерленген адамдардың сүйектеріне қатысты антропологиялық зерттеу жүргізбек.

 «Алакөл мәдениетінің тайпалары деп айтамыз. Себебі ең алғашқы ескерткіш Алакөл деп аталатын жер маңынан табылғаннан кейін. Бұл енді орта қола ғасыры. Яғни осыдан екі мың, бір жарым мың жыл бұрынғы ескерткіштер. Құмыралардың сынғаны бар, соны қалпына келтіру жұмыстары жүреді. Сосын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ол ғылыми мақалаларға арқау болады. Сол кезеңдерін анықтау, қандай құралдар екені анықталғаннан кейін музейдің қорына тапсырылады»,- дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Сонымен қатар Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Қызылорда облысындағы Асанас қалашығында да кешенді археологиялық қазба жұмыстары басталды. Қазбаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізіп жатыр. Жергілікті археологтар күшімен аршылған маңызды нысандар ұзақ мерзімге сақтауға алынады. Одан табылған жәдігерлер облыс музейлерінің қорына өткізіледі.

«Асанас қалашығы - Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткішінің бірі. Сондықтан археологиялық зерттеу бұдан кейінгі жылдары да жалғасады. Оған қоса қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жоспарланып отыр. Көне қала «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілген. Жоба бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізбесінде жинақталған. Асанас - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Ол Қызылорда қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 48 шақырым жерде жатыр. Көне қала Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан», - деп мәлім етті ғылыми-зерттеу орталығы мамандары.

Кезінде ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар шаһарлар қатарында болған Асанас қалашығы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Жазба деректер бойынша Асанас моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі болып отыр. Сол тұста табанды қарсылық көрсеткен.Сондықтан көне шаһар жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған екен.

«Асанас дария бойындағы өзге қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІV-ХV ғасырларға дейін өмір сүрген. Алғаш 1899 жылы В.А.Каллаур зерттеген. Кейінірек Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы 1960-1961, 1968 жылдары көптеген құнды деректерді жинақтады», - деді жергілікті ғалымдар.

 

Фото: 24.kz