Елордада «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды

Елордада «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды

Әйгілі ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің зияткерлік және шығармашылық мұрасын зерделеп, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Нұр-Сұлтандағы Оқушылар сарайында «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды.

«Орталықтың ашылуы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына баға жетпес үлес қосқан орта ғасырдың ұлы ойшылы, энциклопедист және философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің рухани мұрасына деген құрметімізді көрсетеді. «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің философияға, логикаға, метафизикаға, жаратылыстану ғылымына қосқан үлесі орасан», – делінген елорда әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Фото: astana.gov.kz

Орталықта ғалымның сан түрлі қырын анықтайтын «Әл-Фараби және ғылым», «Әл-Фараби және грек ойшылдары» (Аристотель, Платон), «Әл-Фараби және өнер», «Әл-Фараби және тәрбие», «Әл-Фараби және Поэзия», «Әл-Фараби және шешендік өнер» бөлімдері жұмыс істейді.

«Бұл бағыттар бойынша оқушылар ғалымның медицина, астрономия, математика, геометрия, логика, пәлсапа, яғни, барлық ғылым саласында еткен еңбектерін жинақтап, ізденеді. Келешекте Әл-Фараби туралы деректі фильмдер, танымдық дүниелер дайындап, оның өмір сүрген кезеңіне қатысты тың деректерді осы орталыққа жинақтап, әйгілі ойшылдың қалдырған мол мұрасын насихаттау бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз», – дейді орталық орналасқан Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.

Орталықтың ашылуы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралары аясында іске асты. Әл-Фараби орталығының тұсаукесер рәсімі аясында, сонымен қатар ұлы ғалымның бюсті салтанатты жағдайда ашылды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: astana.gov.kz