Алматыда Орталық Азия халықаралық гляциология орталығы жұмысын бастайды

Алматыда Орталық Азия халықаралық гляциология орталығы жұмысын бастайды

Орталық Азия халықаралық гляциология орталығы ЮНЕСКО-ның бастамасымен Қазақстанның география және су қауіпсіздігі институтының базасында құрылды. Ол жыл соңына дейін өз жұмысын бастайды. Аталған ұйым Солтүстік Тянь-Шаньдағы ірі мұздықтардың еру процесін зерттеумен айналысады. Ғалымдар XXI ғасырдың соңына дейін мұздықтар толықтай жойылады деп болжап отыр. Іле Алатауындағы Тұйықсу мұздығы Алматыға жақын орналсқандықтан, зерттеуге ең қолайлы мұздық болып саналады. Қазір мұнда Қазақстан география және су қауіпсіздігі институтының гляциологиялық станциясы жұмыс істеуде. Тұйықсу көп жылдан бері бас кеңсесі Швейцарияда орналасқан Дүниежүзілік мұздықтарға мониторинг жасау қызметінің бақылауында. Атап айтқанда, Солтүстік Тянь-Шаньдағы ірі тау мұздығы Орталық Азия аймағындағы климаттық өзгерістердің көрсеткіші болып отыр. Біздің мамандар үнемі швейцариялық әріптестеріне бақылау мәліметтерін жіберіп отырады.

«Мұздықтар климаттың өзгеруінің ең сезімтал индикаторы. Олар арқылы ауа райындағы өзгерісті бірден байқауға болады. Егер мұздықтар еріп жатса, демек, жылынудың болып жатқаны. Қазір мұз көбесінің сөгілгенін анық байқауға болады. 21 ғасыр басталғалы бұл құбылыс күшейді. Мұздықтар өткен ғасырдың 70 жылдарына қарағанда жылдам ери бастады», - дейді География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері Николай Касаткин.

Мұздықтардың еру барысын ғалымдар әр 10 күн сайын тексереді. Бұл үшін олар стансадан мұздыққа дейін жаяу көтеріледі. Жолға бір жарым, екі сағат уақыт кетеді. Тұйықсуда тақтайлар орналастырылған. Тақтайлардың биіктігі арқылы мұздықтың қаншалықты жылдам еріп жатқанын байқауға болады. Николай Касаткиннің айтуынша, мұздықта қазір 102 тақтай қалған. Бұрынырақта оның саны көп болыпты. Бұл мұз қабатының қаншылықты қысқарып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, мұздықтардың тығыздығын бағалау үшін ұңғымашалар жасалады.

«Біз әр он күн сайын бақылау жүргіземіз. Наурыз айының соңы- сәуірдің басынан және қыркүйектің соңы-қазан айының басына дейін. Орташа тәуліктік ауа температурасы нольден минусқа өткен кезде мұздықты қар басады. Ал жылы кезеңде біз әр он күн сайын мұз астындағы тақтайлардың биіктігін тексереміз. Он күнде қанша мұз ерігені байқалып тұрады. Өлшемдер жасап, карта құралады, ауданы, көлемі есептеліп, мұздықтың қанша су жоғалтқанын анықтаймыз», - дейді маман.

Қазіргі уақытта Тұйықсу мұздығы қысқарып барады. Ал 2020 жылы жауған жауын-шашын көлемі аз. Қыста тіптен орташа көрсеткіштен төмен болды. Орташа норма 700 мм болса, биыл небәрі 460 мм жауын-шашын түскен.

«Әзірге қауіптенуге себеп жоқ. Ашық мұздықтардан бөлек, сілемдердің астында жасырын мұздықтар да бар. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі техникалық құралдармен біз бұл мұздардың көлемін анық біле алмаймыз. Алайда оны анықтайтын уақыт келеді деп ойлаймын»,- дейді География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері Николай Касаткин.

Алматыда құрылып жатқан Орталық Азия халықаралық гляциология орталығы осы тұрғыда ілгері қадамдар жасауға жол ашады, деп сенеді маман.

 

Фото: 35photo.pro