Арменияда «Абай-175» жинағы таныстырылды

Арменияда «Абай-175» жинағы таныстырылды

Арменияда Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай жарық көрген жинақтың тұсаукесері өтті. Мерейтойлық басылым екі кітаптан тұрады: «Қара сөздер» және Мұхтар Әуезовтің жаңартылған редакциясындағы «Абай жолы». Әдеби жинақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің бастамасымен Ереван мемлекеттік университеті мен белгілі армян баспасының қолдауымен жарық көрді.

Іс-шараны ашқан Қазақстан елшісі Тимур Оразаев М.Әуезовтің «Абай жолы» романы алғашқы рет армян тілінде сонау 1952 жылы жарық көріп, библиографиялық сирек кездесетін шығармаға айналғанын айтты. Қазіргі жаңартылған армян тіліндегі екінші шығарылымды шығармашылық топ жаңа тілдік редакцияда, сондай-ақ редакторлардың тарихи-филологиялық жазбаларымен қоса, қазіргі армян тілінің қағидаларына сай жасаған.

«Абай қазақтың ұлы даласындағы бірінші және теңдессіз зайырлы ақын және философ. Ал Абайдың әдеби шығармашылығы бір уақытта өзінің әмбебаптығымен және бірегейлігімен үлкен әсер қалдырды»,-деді Арменияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Артур Мартиросян.

Армения Ұлттық Жиналысының депутаты, «Қазақстан-Армения» достық тобының мүшесі Арман Абовян: «Абай маған өзінің дүниетанымымен, философиясымен жақын. Ол өзінің ой-сырлары мен еңбектерінде Батыс пен Шығысты байланыстырды» - деп пікір білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Абайдың «Қара сөздері» армян тілінде жарық көруі Армениядағы оқырмандар мен әлемдегі миллиондаған армян диаспорасына қазақтың ұлы ақыны және ойшылының философиялық прозасымен танысуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Батырхан Құрмансейіт жинақтың армениялық ғылыми және студенттік топтар үшін құнды материал, әрі кең аудитория үшін қызықты әдеби шығарма болатынын айтты.

«Жинақты жарыққа шығару жолында армениялық және қазақстандық мамандар еңбек етті. Түркітанушы, профессор Александр Сафарян, аудармашы Арман Сафарян, ақын-аудармашы Варужан Хастурдың енбектері өте зор. Ал шығарылым үшін арнайы суреттер қазақстандық сәулетші Нұрлан Буранбаевтың қолынан шықты. Алдағы уақытта аталған кітаптар Арменияның жетекші кітапханалары мен университеттеріне, сондай-ақ қазақстандық ғылыми ұйымдарға, қорларға, университеттерге жеткізіледі. Сондай-ақ, күзде армян тілінде «Абай-175» жинағының нұсқасы электрондық тұғырнамалары - Kindle, iOS және Android үшін шығару жоспарлануда», - деді спикер.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: inform.kz