Византия және Қытаймен сауда қатынастары: аймақтардағы археологиялық ашылымдар не дейді?

Византия және Қытаймен сауда қатынастары: аймақтардағы археологиялық ашылымдар не дейді?

Аймақтарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері таңқалдырады. Атырау өңірінде табылған жәдігерлер қазақ жерін мекен еткен тайпалардың сырт елдермен сауда-экономикалық қатынастары жақсы дамығанын айғақтайды, дейді ғалымдар. Облыстық тарихи өлкетану музейінің қызметкерлері екі қорғанды зерттеу барысында 560 көне жәдігер тапты. Оның 96-сы таза алтыннан құйылған. Қазылған қорған екі қабаттан тұрады. Оның алғашқы қабаты біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасыр-сарматтар дәуіріне тиесілі. Мамандар табылған мұрғаттарды екі бөлікке бөліп зерттеп жатыр. Алдыңғысы біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырды қамтыса, үстіңгі қабат он бірінші ғасырға тән. Қызылқоға ауданынан табылған жәдігерлердің ішінде күмістен соғылған әйел адамның әшекейі мен темір қайшы және шыны құты ғалымдардың назарын аударып отыр. Бұйымдардың жоғары сапасы сол дәуірде Солтүстік Каспий маңын мекендеген тайпалардың озық қолөнері  болғанын айғақтайды. Сол заманда шет жұртпен сауда-саттықтың да дамығанын байқауға болады.

«Безендірулері арқылы біз оның өте жақсы дамығанын көре аламыз. Және де астыңғы бөлігінен, яғни жер бетінен тереңдікте 1,10 м сарматтық бұйымдардың  табылуы алтын жапсырмалар, және бұрын кездеспеген әйнектің шығуы, Византиядан, Қытайдан импорттық тауарлар келуі мүмкін»,-дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ерлан Тілекқабыл.

Ал Ақмола облысында жұмыс істеген археологтар 22 көне ескерткішке тап болған. Мамандар олардың көбі ежелгі темір дәуіріне тиесілі екенін айтады. Бұл жәдігерлерге қарап, сол кездегі адамдардың Атбасар жерінде мал шаруашылығымен айналысқанын байқауға болады. Кейбір нысандар Жабай өзеніне жақын орналасқандықтан, оларды су шайып кету қаупі бар. Сондықтан келесі жылы бұл қорымдар қамқорлыққа алынады.

 

Фото: zakon.kz