«Абай жолы» эпопеясы жаңаша форматта жарық көрді

«Абай жолы» эпопеясы жаңаша форматта жарық көрді

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына видеосаммари жасалды. Тың жобаны отандық танымдық портал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Видеосаммари – кітаптың негізгі идеясын, мазмұнын бейне форматында түрінде ұсыну. Оны тамашалаған көрермен анимация мен дыбыстық фонның арқасында шығарма желісін толықтай сезіне алады.

«Абай жолы» эпопеясының қысқаша мазмұны тараулары бойынша дайындалған. Төрт томдық эпопея жалпы 28 тараудан тұратыны белгілі. Ал видеосаммаридің әр шығарылымының ұзақтығы – 12-15 минут шамасында. Жоба жетекшісі – Ернар Алмабек, суретшісі – Томирис Есқали, дыбыстаған – Шамшаддин Омаров. Абай күніне орай 10 тамызда І томның «Қайтқанда» тарауы көрермен назарына ұсынылды.

«Енді көрермен 28 тараудың мазмұнымен санаулы минуттарда таныса алады. Осылайша кітапқа деген қызығушылығы оянған олар күндердің бір күні том-томды парақтайды деген үмітіміз бар», - дейді жоба жетекшісі Ернар Алмабек.

Жобаға шығарманың негізгі мазмұнынан маңызды тұстары таңдалды, ал жазушының тілі мен көркемдік құралдары сақталған. Шығарманың бірінші томындағы тараулар әр дүйсенбі сайын порталдың YouTube арнасында жарияланып тұрады. Ал «Қайтқанда» тарауының видеосаммариін осы сілтемеден  тамашалауға мүмкіндік бар.  

 

Фото: tengrinews.kz


×