Биыл 1,2 млн қазақстандық жұмыспен қамту бағдарламаларының шарапатын көреді

Биыл 1,2 млн қазақстандық жұмыспен қамту бағдарламаларының шарапатын көреді

«Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша жыл соңына дейін тағы 500 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды. Естеріңізге сала кетейік, биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және басқа да салалық бағдарламалдардың аясында 743 мың адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін олардың санын 1 млн 220-ға жеткізу көзделген. Министрлер Кабинетінің басшысы Асқар Мамин электрондық еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыруды, жұмыспен қамту шараларын дамыту жөніндегі қадамдарды қабылдауды жүктеді. Сондай-ақ, облыс әкімдері әр жұмыссыздың профайлын қалыптастырып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында онымен мақсатты жұмыс жүргізуі керек.

«Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту әрі қолдау бойынша жұмысты қарқынды түрде жүргізсін»,– деді Асқар Мамин.

Бүгінгі таңда Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі белгіленді. Осы жобалар аяқталған соң, аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл – 6702 жоба. Жалпы, төрт өңірде жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асырудың серпіні оң екенін атап өткен жөн. Бұл тұрғыда Шымкент қаласында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Орташа көрсеткіштер Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Павлодар Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында байқалады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: platon.asia