Мектеп, емдік шөптермен ванна, қоғамдық асхана: көне Түркістан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі қандай болған?

Мектеп, емдік шөптермен ванна, қоғамдық асхана: көне Түркістан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі қандай болған?

Қазақстандық ғалымдар ескі Түркістан қаласының тіршілігінен сыр шертер археологиялық ашылымдар жасады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан табылған тарихи нысандар әлемдік тұрғыда қызығушылық​ тудыратын сенсациялық жаңалық, дейді олар. Шаһар шахристанының аумағынан анықталған керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп XVIII-XIX ғасырларға тән.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің хабарлауынша, керуен сарай Тәкия қақпасының жанынан табылған. Оның қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, «мүричә» деп аталатын бір бөлмелі моншасы болған. Жалпы, қаланың барлық төрт қақпасында керуен сарайлар болған, дейді ғалымдар.

«Қазбадан табылған олжаны «Тәкия Керуен сарайы» деп атадық. Бұл жерде негізгі есігі арқылы қабылдау бөлмесіне кіретін болған. Қабырғаларында арнайы қуыстары көп, яғни мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған. Қарама-қарсы бұрышта осы Керуен сарай басшысының кеңсесі орналасқан. Ал, ортадағы алаңға көше арқылы керуен келген. Ал, батыс бетіне түгел қойма салынған. Бұл қоймаға жүктерін түсіріп, сақтап отырған. Керуен сарайдың көпшілігі екі қабатты, оның екінші қабаты «Балахана», яғни жоғарыдағы бөлме деп аталып керуеншілер дамылдаса, бірінші қабаты міндетті түрде қоймаға арналған. Көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биылғы табылған үлкен жаңалықтың бірі деуге болады»,- дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Марат Тұяқбаев.

Ал Тәкия қақпасына жақын жерден табылған мектеп – Түркістанда табылған алғашқы оқу орны.

«Бұл нысанды алғашқыда медресе ме деп ойладық. Түбегейлі зерттей келе ауласы ортасынан екіге бөлінген, ұлдар мен қыздарға арналған мектеп екенін анықтадық. Бұл жерде жас балалардың сауатын ашу үшін, тілін сындыру үшін оқу жүйесі болған. Мектепті бітіріп шыққан балалар медресеге түсетіні белгілі. Ұзындығы 40 метрден асады, ені 25-30 метрдей, ортасынан екіге бөлінген. Мұнда балалар жатып та оқыған, қалалық балалар қатынап та оқыған. Қала тұрғындары да, дала тұрғындары да ұл-қызын мектепке беріп​ оқытқан. Жақсы, үздік бітірген балалар «Ғалия» немесе Бұқара қаласындағы медреселерде оқуын жалғастырған. Бұл – Түркістандағы мектептің ең алғашқысы»,-деді Марат Тұяқбаев.

Ал археологтар тапқан керамикалық цех орны ата-бабаларымыздың ежелден бері өндіріс көздерін игергендігі мен өндіріс технологияларын жасап, кеңінен қолданғандығын айғақтайды. Мұнда қазірдің өзінде әр түрлі үлгідегі 8 пеш орны қазылды. Үлкен көлемдегі керамикалық бұйымдар шығаратын орынның анықталуын ғалымдар сенсациялық оқиғаға бағалап отыр.  

Енді бір таңқалдырғаны – көне шахристаннан табылған кішігірім монша. Оның су резервуары сияқты сардобасы да сақталған. Қызметкерлері үшін арнайы бөлмелері болған. Тіпті, емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.

Сонымен қатар, Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның бойындағы XVIII-XIX ғасырға тән ғимараттардың есіктерінің жолға қарағандығы көшенің көпшілікке қызмет көрсететін қоғамдық орын, яғни дүкен, асхана болғандығын аңғартады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты және «Қазқайтажаңарту» мекемесімен бірлесе көне Түркістанның тылсым сырын ашу бағытындағы жұмыстары барысында әлі талай тың жаңалық ашылатынына сенімді.

 

Суреттер azretsultan.kz сайтынан алынды