Келешектің туризмі: Қазақстанда экологиялық саяхат секторын дамытудың мүмкіндіктері қандай?

Келешектің туризмі: Қазақстанда экологиялық саяхат секторын дамытудың мүмкіндіктері қандай?

Тағы табиғат әлеміне саяхат жасау, адам аяғы баспаған мекендерде серуендеу, ежелгі көшпенділер ауылында тұрып, тұрмысымен танысу. Осының бәрі Қазақстанның бірегей туристік өнімі – экологиялық туризмге жатады. Ізденімпаз туристер Ұлы дала елінің шалғай аймақтарына арнайы экотур жасап, табиғат кереметтерін өз көзімен көре алады.

«Соңғы жылдары Қазақстан әлемдік туризм картасында көбінесе экотуризм бағыты бойынша көрініп жүр. Мысалы, биылғы жылдың басында Британдық бэкпекерлер қоғамы Қазақстанды белсенді эко-саяхаттарды ұнататындар үшін  mustvisit тізімінің ТОП-5-тігіне енгізді, ал GulfNews беделді басылымының нұсқасы бойынша Үлкен Алматы көлі Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрғындары үшін ТОП-5 дестинациясына қосылды. Ал РИА ақпарат агенттігі Қайыңды көлін әлемдегі ең әсем көлдердің бірі деп атады», деп мәлім етті «Kazakh Tourism» ҰК департаментінің бас менеджері Ернұр Кенжебеков.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда коронавирустың таралуына байланысты жеке саяхаттар, әсіресе экомаршурттарды жаяу бағындыру аса сұранысқа ие. Яғни, топтық туризмнің орнын біртіндеп жеке демалыс түрі алмастырып келеді.

«Аумағы кең, халқының тығыздығы төмен және табиғи парктері көп Қазақстан осы ретте жеке саяхаттар үшін таптырмас мекен. Ондай демалысты табиғи әлеуметтік алшақтау деп атауға болады», - дейді маман.

Ұлы дала елінің аумағында қазір 13 ұлттық парк, 10 қорық, 6 резерват, 50 қорықша, 5 ерекше қорғалатын аумақ, 79 табиғат ескерткіші орналасқан. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы республиканың жалпы аумағының 9% құрайды. Бұл – Ұлыбритания аумағымен тең территория. Осыған орай ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризмді дамыту мәселесі туындайды, дейді мамандар.

«Қазір осы бағыттағы жұмыс 13 ұлттық парктің төртеуімен ғана жүргізіліп жатыр, әзірге Алматы облысындағы Іле Алатауы, Көлсай көлі, Шарын және Алтын-Емел ғана. Іле Алатауы паркінде үлкен дайындық жұмыстары қолға алынды. Жоба бойынша визит-орталық құру қарастырылған, онда демалушылар парк аумағында болу ережелерімен танысады, кемпинг үшін арнайы орындар жасалады, навигациялық инфрақұрылымы бар туристік соқпақ жолдар, тамақтану бекеттері, гидтер қызметі, санитарлық бекеттер, осының бәрі теріс антропогендік әсерді барынша төмендетуге мүмкіндік береді», - дейді ұлттық компания өкілі Ернұр Кенжебеков.

Қоршаған ортаға зиян келтірмей экотуризмді дамыту жағдайлары басқа да парктер мен табиғи аумақтарда жасалатын болады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, алдағы 10 жыл ішінде туризм саласына 500 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Аталған кезеңде экотуризмнен түсетін кіріс 2 триллион теңгені құрайды деп күтілуде.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: avesta-news.kz