Адамзаттың Абайы: әлем елдері ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын қалай атап өтуде?

Адамзаттың Абайы: әлем елдері ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын қалай атап өтуде?

Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушысының мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілуде. Болгарияның Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар Аллеясында Абай барельефі орнатылды. Оған ойшылдың 37-ші қара сөзінен «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» деген үзінді басылды. Жиналғандар осы ойдың бүгінгі күнге дейін өзекті екендігін мәлімдеді.

Барельефтің салтанатты ашылуында Қазақстанның Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастин Абайдың 175-жылдық мерейтойы тек Қазақстанда емес, әлемнің көптеген елдерінде тойланып жатқанын және Абай Құнанбайұлы қазақ ұлты жаңа әдебиетінің негізін қалаушысы, орыс көрнекті ақындары А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, И.Крыловтың шығармаларын аударушы және композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғандығын, сондай-ақ барельефтің ашылуы екі ел арасындағы мәдениетаралық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына септігін тигізетінін атап өтті.

Болгария тарихшысы, этнографы Стоян Райчевский Абай Құнанбайұлы тек Орта Азиядан емес, жалпы әлемде белгілі, әмбебап тұлға деп атап өтті. Абай барельефі адмиралдар Федор Ушаков және Горацио Нельсон, Ганс Христиан Андерсен, Джузеппе Гарибальди, Фридрих Шилер сияқты басқа елдердің танымал тұлғалардың барельефтері арасында өзінің лайықты орнын тапқанын жеткізді.

Игі іс Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінің бастамасымен және ұсынысымен, сондай-ақ «Память Болгарии - братьев Диневи» атты қорының қолдауының арқасында жүзеге асты, деп хабарлайды ҚР Сыртқы Істер министрлігі.

Ал Баку қаласындағы Абай көшесінде ақынның 175 жылдық мерейтойына орай мемориалдық тақтаны қайта орнату бойынша естелік акция өтті. Іс-шара барысында Қазақстан елшісі Сержан Әбдікәрімов Әзербайжан Республикасының басшылығына шығармашылық мұрасы қазақ халқының рухани байлығы болып табылатын, болашақ ұрпақ үшін маңызы зор Баку қаласының көшесіне Абай Құнанбаевтың есімін бергені үшін алғысын білдірді.

Белгілі әзербайжандық абайтанушы, Баку мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасының профессоры Фируза Агаева Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы туралы ақпарат беріп, оның тұлғасы мен шығармалары Әзербайжанда өте құрметті екенін атап өтті.

«Абай Пушкинді, Крыловты аударған. Менің 12 жастан бастап Абайдың өлеңдері мен шығармаларына махаббатым шынайы. Мен Абай Құнанбаев көшесінде тұратын адамдарға осы көрнекті адам туралы оқып, түсінікке ие болсын деп оларға кітаптар тараттым», - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Ал ақынның туған күні Вегрия астанасы Будапештте қазақ диаспорасының өкілдері мен мажар студенттері бас қосып, оның өлеңдерін, қара сөздерін оқып, әндерін орындаса, Беңжің жұрты ұлы ақынымыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет танытты.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ұлттық және халықаралық деңгейде лайықты атап өтілетіні туралы жариялаған болатын.

 

Фото: inform.kz