ВАК карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастауға дайындықты қарастырды

ВАК карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастауға дайындықты қарастырды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру және карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастауға дайындық жөніндегі шаралар кешенін қарастырды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері және бас мемлекеттік дәрігер эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру көрсеткіштері және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимде карантин шараларын жеңілдетудің ықтимал жолдары туралы баяндады. Сонымен қатар, аурудың өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлердің жұмысын бақылау үшін бірқатар жаңа индикаторлар ұсынылды.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің басшыларына эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстау және сырқаттанушылық көрсеткішін одан әрі төмендетуді қамтамасыз ету мәселелері тапсырылды.

«Өңірлер мониторингтік топтардың жұмысының тиімділігін арттыруы тиіс. Қажетінше, жағдайды одан әрі жақсарту үшін ведомстволар мен жергілікті билік желісі бойынша қосымша шараларды пысықтау керек. Тұрғындармен алдын алу жұмыстарына, бірінші кезекте, маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауға ерекше күш-жігер жұмсау қажет», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары белгіленген санитарлық жағдайлармен танысу мақсатында елордадағы бірқатар кәсіпкерлік нысанын аралады.

«Барлығы жұмысына кірісуге мүдделі екенін түсінемін, бірақ қарапайым санитарлық талаптарды сақтауды сұраймын. Бизнестің жауапкершілік деңгейін түсінгенін қалаймын», - деді Ералы Тоғжанов.

Елорда нысандарын аралау қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Өз кезегінде кәсіпкерлер санитарлық нормалар мен қадағалау органдарының барлық нұсқауларын қатаң сақтау міндетін қабылдады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: rbc.ru