Әлем таныған Абай: ақын шығармалары иврит, грузин және корей тілдерінде жарық көрді

Әлем таныған Абай: ақын шығармалары иврит, грузин және корей тілдерінде жарық көрді

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» Израильдің баспа үйі алғаш рет оның иврит тілінде басып шығарды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Аудармасын әдеби шығармаларды тәржімалауға маманданған Полина Брукман жасаған. Ол Абайдың «Қара сөздері» арқылы қазақ халқының бай мәдениетімен танысқанын атап өтті. П. Брукман болашақта Абайдың басқа да туындыларын аударудан үмітті. Кітаптың таныстырылымын күзде Труман институтында өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль жұртын қазақ әдебиетінің бай мұрасы - Абай шығармаларымен таныстыруға білімін салып, зор үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

Сонымен бірге, Абай алғаш рет грузин тілінде сөйледі. Аталған елдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен басылып шыққан кітап жақында жарық көрді. Ақын өлеңдерін грузиннің белгілі ақыны, Илья Чавчавадзе, Анна Каландадзе және Галактин Табидзе атындағы сыйлықтардың иегері, бірнеше өлең жинақтарының авторы, Грузия Жазушылар Одағының төрайымы Маквала Гонашвили аударған. Сондай-ақ, Абай өлеңдері Грузияның әдеби журналдарында басыла бастаған. Сонымен қатар, ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай Тблисидегі көшенің біріне Абай есімі берілетін болды.

«Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атындағы көше ашылатын болды. Тбилиси қалалық жиналысының 2020 жылғы 24 шілдедегі №188 қаулысына сәйкес, Грузия астанасындағы көшеге қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайдың атын беру туралы шешім қабылданды. Көшенің салтанатты ашылуы жуырда ұйымдастырылатын болады», - делінген Грузиядағы Қазақстан елшілігінің хабарламасында.

Ал еліміздің Кореядағы Елшілігінің қолдауымен корей тілінде ұлы Абайдың өлеңдері қамтылған «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітап жарыққа шығарылды. Басылымға Абайдың 106 өлеңі мен 2 эпикалық поэмасы, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы енді. Кітаптың авторы – кореялық жазушы Ким Бён Хак.

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның мәдени байланыстары тереңдей түскенін тағы бір айғақтайтын оқиға – елдің бас пошта операторы тұңғыш рет біздің елімізге арнаған маркаларды басып шығарды. Оларға Абай мен Әл-Фараби бейнелері басылды. Маркалардың дизайны ағылшын тілінде Абайдың 175 және Әл-Фарабидің 1150 жылдығының белгілерімен жасалған.

 

Фото: ult.kz