Қазақстанда карантин кезең-кезеңмен жеңілдетілуі мүмкін

Қазақстанда карантин кезең-кезеңмен жеңілдетілуі мүмкін

Қазақстан біртіндеп карантин режимін жеңілдетеді. Таяу уақытта комиссия карантин қандай деңгейде жеңілдетілетінін жариялайды. Бұл туралы үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Бұл шешімге елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы себеп болды. Басқарма басшысының айтуынша, барлық аймақтарда, Түркістан облысынан басқа, бүгінде коронавирустың репродуктуктивті өсімі, яғни, вирустың бір адамнан таралу көрсеткіші төмендеп келеді. Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар тиімдлігін көрсетіп, жағдай тұрақтанды.

«Қатаң карантинге дейін репродуктивті өсім деңгейі 1,15 болса, бүгінде 0,82-ге дейін түсіп отыр. Карантиннің бес аптасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 56,73 адамнан 36,2-ге дейін төмендеген. Негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге болатынын көрсетіп отыр»,-деді Алексей Цой.

Дегенмен, карантинді жеңілдеткенде бетперде тағу және қоғамдық жерлерде гигиена режимі қатаң сақталуы шарт. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізе беру керек. Сондықтан, жеке қорғаныс құралдарынсыз қоғамдық орындарда болуға тыйым салынады. Айта кетейік, карантинді кезең-кезеңмен жеңілдету бойынша қорытынды ұсыныстар комиссияның таяу отырысында енгізілетін болады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: liter.kz