«Сарайшық» көне шаһары туристер үшін ашылады

«Сарайшық» көне шаһары туристер үшін ашылады

Атыраудағы «Сарайшық» музей қорығы жақын келешекте нағыз тарихи орынға айналмақ. Көне шаһарда туристерді қабылдау үшін барлық жағдай жасалатын болады. Ол үшін қаланың басты нысандарын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы мәлім етті.

«Былтыр қазбадан табылған қала цитаделінің солтүстік қақпасын қалпына келтіруді қолға алып жатыр. Осы тамыз айынан бастап реставрация жұмыстарына кіріседі», - дейді Айбек Тұрарұлы.

Жоба бойынша, келген қонақтарды қабылдау үшін арнайы «Сапар» орталығын көтеру жоспарланған. Қазір нысанның құжаттары жасақталып болып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

Мамандар «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы туристер мекеніне айналарына кәміл сенеді. Мұндағы мұражайда тарих тереңінен сыр шертетін 4 мыңнан аса экспонат сақтаулы. Оның ең көнесі – VII ғасырға тиесілі бидай үгітетін темір келсап. Музейдегі тағы бір бірегей жәдігер – латын тілінде жазылған Абайдың кітабы.

Музей қоры тұрақты негізде толықтырылып келеді. Мысалы, карантин басталғалы бері музей-қорыққа 150-ге жуық жәдігер табысталған.Соның ең көлемдісі – жергілікті азамат Рауан Сабыровтың бала күнінен бері жиған өз коллекциясындағы 100-ге жуық экспонат. Әкелінген жәдігерлер – Сармат дәуірінен бастап кешегі ХVIII-XIX ғасырларға тиесілі бұйымдар. Оның ішінде жебенің ұштары, белдікке тағылатын түрлі ою-өрнектер, құмыралар бар. Ал ең құндысы – гүлді-жапырақты өрнектермен көмкерілген құмыра. Оны ғалымдапр ХVI-ХVII ғасырларға жатқызып отыр. Бұл дүниелер Сарайшықтың талай ғасыр бойы ірі саяси, сауда және мәдени орталық болғанын тағы бір айғақтайды.

 

Фото: anatili.kazgazeta.kz