Маңғыстаудың ғарыштық пейзаждары, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі: National Geographic Қазақстан кереметтерінің суреттерін жариялады

Маңғыстаудың ғарыштық пейзаждары, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі: National Geographic Қазақстан кереметтерінің суреттерін жариялады

Қазақстанның тарихи ескерткіштерінің фотосуреттері National Geographic журналының парақшаларында жарияланды. Көркем жерлерді камераға түсіру үшін редакция әлемге әйгілі фотограф Джордж Штайнмецті арнайы шақыртқан. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 142 миллион аудиториясы бар @natgeo парақшасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің суреттері және ескерткіш туралы ақпарат жарияланса, @natgeotravel парақшасында көне Жібек Жолы бойындағы Отырар қаласының қақпасының суреттері жарық көрді.

«Жергілікті редакция мен атақты фотографтың арқасында @natgeoqaz ел беделі мен танымалдығын арттыратын, отандық туризмнің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін бірегей жобаларға өз ісінің ең үздік шеберлерін тарту үшін барын сала бермек!», - деп жазылған natgeoqaz-дың Instagram–дағы парақшасында.

National Geographic және New York Times журналдарының танымал фотографы Джордж Штайнмец өзінің @geosteinmetz жеке парақшасында Қазақстан өңірлерінде түсірген фотосуреттерін де көпшілік назарына ұсынды. Арасында елордадағы Нұр-Астана мешіті және Хан шатыр алдындағы архитектуралық ансамбль, «Бәйтерек» монументі, Маңғыстау өңірінің ғарыштық пейзаждары, Шымкенттің көрікті жерлері, атап айтқанда, Ескі қалашықтағы «Цитадель» жобасы, Тәуелсіздік саябағы, Қошқар ата өзені, Бәйдібек би ескерткіші мен этноауылдың суреттері бар.

 

Фото: zakon.kz