Қазақстанда ЖОО бағдарламасына «Абайтану» пәні енгізіледі

Қазақстанда ЖОО бағдарламасына «Абайтану» пәні енгізіледі

Енді студенттер əлемдік деңгейдегі ойшыл, ұлт руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын тереңірек зерттейтін болады. Осы мақсатта алдағы уақытта оқу бағдарламасына хрестоматия оқулығын енгізу жоспарда бар. Қазір ол дайындалып жатыр. Еске сала кетейік, һәкім Абайдың 175 жылдығын кең көлемде тойлау жоспарланған еді. Алайда эпидемиологиялық ахуалға орай мерейтойды өткізу мүмкін болмады. Дегенмен жазушы мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған науқан бүкіл ел бойынша өткізілуде.

«Ең негізгі мәселе, Абайдың шығармаларын дүниежүзіндегі өркениетті елдердің 10 тіліне аударып шығардық. Абайтану оқулығы мен хрестоматиясы дайындалып жатыр. ЖОО-ның филология, тарих факультеттеріне міндетті түрде енеді. Сондай-ақ, Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде Абайдың арнайы орталықтары ашылады. Елімізде де бұл жұмыс бір жүйеге келіп, ғылыми-зерттеу институты құрылды. ЕҰУ-да Абай академиясының ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Өйткені, абайтанумен айналысатын ғылыми орталықтар көп. Бірақ бір жүйеге келмеген. Бір жерде болсын деп Абай академиясының ғылыми-зертту институтын құрғанымыз сол»,- деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев«Abai tv» телеарнасына берген сұхбатында.

 

Фото: kp.kz