Қазақстанда тұңғыш рет Абай күні аталып өтуде

Қазақстанда тұңғыш рет Абай күні аталып өтуде

Бүгін Қазақстан жұрты алғаш рет Абай күнін атап өтіп жатыр. 1845 жылы дәл осы күні қазақтың ұлы ақыны, ұлттық жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Жаңа мереке еліміздің мерекелер тізіліміне ел Үкіметінің қаулысымен енгізілген. Атаулы датаның пайда болуы ұлтымыздың рухани жаңғыруының белгісі, дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі абайтанушы Зарқын Тайшыбай.

«Біз осы күнді көп күткенбіз. Айтатынбыз, Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың тағы да басқа тұлғалардың арнайы күні бар, ал қазақ халқы үшін Абайдың орны мүлде бөлек. Сондықтан да біз «Абайдың туған күнін неге атап өтпейміз, неге тойламаймыз дейтінбіз. Бұл жөнінде екі түрлі пікір болатын. Орыстадың ойынша 23 тамыз, қазақтан біз 10 тамыз деп жүрдік. Ал бұл екеуі негізі бір-ақ күн болатын. Біреуі жыл санаудың ескі түрі, біреуі жаңа түрі. Соған қамамастан, Алматыда, Қарағандыда зиялы қауым өкілдері, ақындар, өнер сүйер қауым Абайдың ескерткішіне барып бейресми атап өтетінбіз. Ал енді мынау жағдай арнайы атап өту, бұл біздің рухани жаңғырғанымыздың, өскеніміздің жеткеніміздің тағы бір көрінісі», - дейді абайтанушы.

Еске сала кетсек, биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтіп жатыр. Мерейтой жылы ақын мұрасы кеңінен насихатталып, әлем тілдеріне аударылып, халықаралық ғылыми конференциялар, Абай оқулары, Абай әндерінің кештері, оның өлеңдерін оқудан челлендждер, кітап көрмелері  ұйымдастырылуда.

Авторы: Ақзер Сегізбаева