Қоғам денсаулығының қамы: жасырын сатып алушылар елордалық дәріханаларды бақылауға алды

Қоғам денсаулығының қамы: жасырын сатып алушылар елордалық дәріханаларды бақылауға алды

Нұр-Сұлтан қаласында «құпия сатып алушы» қоғамдық мониторинг әдісі қолға алынды. Әдеттегідей жасырын бақылау жобасының басты мақсаты - ел ішінде дүрбелең туғызған дәрі-дәрмек мәселесін қадағалалап, фармацевтика саласының ашықтығы мен өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Айта кетейік, бүгінде арнайы құрылған маниторингтік топтар елорда дәріханаларын жаппай тексеріске алған. Нәтижесінде 13 шілдеден бері қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне осы орайдағы заң бұзушылықтарға қатысты 62 әкімшілік хаттама түскен. Негізінен дәрі-дәрмекті шектен тыс қымбат бағаға сату фактілері әшкереленді. Тіркелген келеңсіз жайттардың төрттен бірін рұқсат етілмеген препараттарды заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу құрап отыр.  

«Мониторингтік топтардың құрамына полиция мен экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері кіреді. Олар өздеріне қатысты бағылау шараларын жүргізеді. Бұған қоса, жасырын сатып алушылар дәрі-дәрмек алған кезде заңсыз фактілер тіркелген кезде баянат есебін толтырып, түсініктеме алынып, дәрі қаптамасы мен фискалды түбіртегі бізге жіберіледі», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әсия Молдиманова

20 күннен аз уақыттың ішінде қоғамға қайшы заңсыз істен пайдаға кенелмек болған кәсіпкерлер 8 миллионнан астам теңгенің айыппұлын төлеуге мәжбүр болған. Біреулері сұранысты пайдаланып бағаны шарықтатып жіберсе, енді біреулері тапшы дәрілерді алыпсатарлықпен айналысқан. Негізінен вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктер.

«Бірқатар дәріханаларда дәрі бағасы 5 тен 10% дейін көтерілген. Фармацевтикалық ұйымдардың басшылары бұны техникалық ақаулық деп ақталуда. Сондықтан көбі бұны әдейі жасаған жоқпыз, өнім келгенде бағалары шатасып кеткен, бұл тек адами фактор деп ағынан жарылады», - дейді маман.

Бағаны белгіленген шектен асырған кәсіпкерлерге 130 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Яғни оңай жолмен пайда көремін деп 360 мың теңгесінен қағылуы мүмкін.  Егер де айыппұл бір аптаның ішінде өтелсе, оның мөлшері екі есеге қысқарады. Бұдан сабақ алмай, екінші рет құрыққа түсетін заңбұзушылар да көздесіп жатады, дейді маман.  Қайталанса, іс бірден сотқа жөнеледі. Сапаны бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінде дәріханалар қажетті препараттармен толықтай қамтылған.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар атқарып жатыр. 1,6 млрд тенгенің тұрақтандыру қоры құрылды. Дәріханалық желілердің дистрибьюторларымен дәрілік заттарды сатып алу, жеткізу сынды логистикалық мәселелері шешіліп жатыр. Сондай-ақ, медикаменттерді сатып алу үшін айналым қаражаты бөлінеді», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Осылайша, шілденің 12-сінен бері елордаға 1 миллион 800 мың данадан аса тапшы дәрі-дәрмектер жеткізілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: gov.kz