ШҚО-да Құнанбай әулеті мұражайының құрылысы аяқталуға жақын

ШҚО-да Құнанбай әулеті мұражайының құрылысы аяқталуға жақын

Абайдың ата-бабаларының қорымы орналасқан Ақшоқыда Құнанбай әулеті мұражайының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram парақшасында жариялады.

Айта кетейік, аймақ басшысы жақында Абай ауданы мен Семейде ақынның мерейтойына дайындық барысымен танысқан болатын. Ол жаңа мұражайда көрме залынан басқа, оқушыларға арналған сабақтар мен конференциялар өткізуге болатын зал қарастырылғанын ерекше атап өтті.

«Мұнда келушілер де демалып, тамашалауға мүмкіндік алады. Сырт Қасқабұлақта жұмыс толығымен аяқталды. Қасиетті бұлақ маңы абаттандырылды. Абайдың кіндік қаны тамған жердің тарихи маңызын асқақтата түстік. Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені болса, заман ағымына сай жаңартылды. Бастысы, бастапқы сәулеті сақталынды. Болашақта мұнда жазушылардың мұражайлары ашылады», - деді Даниал Ахметов.

Семейде Абай атындағы алаң, театр және мұражайдың қайта құру жұмыстары бүгінде аяқталуға жақын қалды. Айта кету керек, бұл алаң мүлдем жаңа кейіпке енді. Ақын ескерткіші жаңартылды, ыңғайлы демалыс орындары мен тұрақ жасалды. Маңайында орналасқан тұрғын үйлердің сырты жаңартылды. Өңір жетекшісі алаң қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналатынына сенімді екенін жеткізді.

«Өз көрермендерін жаңартылған театр да шексіз қуантары сөзсіз. Қайта құру жұмысы толығымен жүргізгеніне қарамастан, біз театрдың тарихи ерекшелігін сақтай алдық. Өнер ордасы кең әрі жарық бола түсті. Семейліктер мен қала қонақтарын жаңа сахна мен ауа баптау жүйесі орнатылған көрермен залы күтіп тұр», - деді аймақ басшысы.

Фото: today.kz

Сондай-ақ, Даниал Ахметов Абай мұражайы да жақында келушілерге есігін айқара ашатынын тілге тиек етті. Аумақта ұлдарымен бірге бейнеленген Абай әулетінің ескерткіші орнатылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz