Қазақстанда оқушыларға арналған интернет тарифтік жоспары іске қосылады

Қазақстанда оқушыларға арналған интернет тарифтік жоспары іске қосылады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қашықтан білім беруді қолдау мақсатында ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, мектеп оқушылары мен студенттерге және мұғалімдерге арналған арнайы тарифтік жоспар шығару мәселесін пысықтауда. Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, тарифтік жоспарда отандық бейне-конференция байланыс жүйесін қоса алғанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған отандық 380 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалану қарастырылған.

«Білім» тарифтік жоспарының абоненттік төлемі айына 990 теңге. Бұл тарифтік жоспарды 20 тамыздан кейін қолдануға болады. Жаңа тарифтік жоспарға қосылу шарттарын қазір Білім және ғылым министрлігі пысықтап жатыр. Сондай-ақ, байланыс операторлары 1 ГБ интернет трафигін қосымша ұсынады», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин.

Бұл іс-шара ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі және байланыс операторлары арасында қазақстандықтардың білім беру ресурстарына шектеусіз қосылу жөніндегі ынтымақтастық меморандумын қабылдау нәтижесінде жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, министрлік тіркелген байланыс операторларымен бірге тиісті талдау жүргізіп, операторлардың мектептердегі интернет жылдамдығын 8 Мбит/сек дейін қосу/арттыру мүмкіндігін анықтады.

«Осы бойынша тиісті ақпарат жергілікті әкімдіктерге жолданды. Жергілікті әкімдіктер мектептерді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізуі керек»,-деп атап өтті Ведомство.

 

Фото: elitar.kz