Шымкент – ТМД мәдени астанасы: қандай іс-шаралар жоспарланған?

Шымкент – ТМД мәдени астанасы: қандай іс-шаралар жоспарланған?

«Шымкент – ТМД мәдени астанасы» жылы аясында 7 халықаралық шара ұйымдастырылады. Бұл туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар бөлімінің басшысы Рашид Мыңбаев мәлімдеді.

«Елімізде енгізілген карантиндік режимге байланысты біз «Шымкент - ТМД мәдени астанасы» жылы аясында онлайн режимінде іс-шаралар өткіземіз. Іс-шаралар тамыз айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 7 халықаралық мәдени шара өтеді. Атап айтқанда,  «Шымкент – Қайырымды қала» балалар шығармашылығы, «Достастықтың опера жұлдыздары» опералық орындаушыларының концерттері, ұлы қазақ ойшылының 175 жылдығына арналған театр фестивалдері және Абайдың қара сөздерін оқудан жарыс өткізіледі», - деді Рашид Мыңбаев.

Сонымен қатар, «Шымкент – ТМД мәдени астанасы» 1 тамызда «Достастық халықтарының музыкасы» халықтық аспапта орындаушылардың фестивалі басталды. 15 тамызға дейін жалғасатын іс-шара ТМД елдерінің халықтары арасында мәдени мұра мен рухани құндылықтардың бірегейлігін насихаттауға, рухани, шығармашылық байланыстарды кеңейтуге, әртүрлі ұлт өкілдерінің музыкалық мәдени мұрасымен танысуға, ұлттық аспаптарда музыкалық орындау дәстүрлерін сақтауға және дамытуға, қызығушылықты оятуға бағытталған.

Сондай-ақ, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» эстрадалық әншілер байқауы басталды. Байқау 15 тамызға дейін жалғасады.

Айта кетейік, Шымкент Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 16-шы мәдени астанасына айналды. Жылдың ресми ашылу рәсімі 19 маусымда өтті.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: e-cis.info