Карантин кезінде үйлену тойын қалай ұйымдастыруға болады?

Карантин кезінде үйлену тойын қалай ұйымдастыруға болады?
Асабалар, үлкен мейрамхана иелері, әнші, биші сынды той- томалақ ұйымдастырумен айналысатындар мерзімсіз демалысқа шықты.  Жаз қашанда тойдың қызған уақыты. Алайда бұрынғыдай көпшіліктің басын қосатын үлкен мерекелік шаралар жоқтың қасы. Бар гәп қатерлі індеттің белең алуында. Бұны көпшілік түсінсе, енді біреулер сақтық шараларын елемей жатады. Қауіпті жағдайға көндіккен жастардың көбі әлеуметтік  желі арқылы қуанышымен бөлісуді үйреншікті әдетке айналдырған. Ерке Мүшелбаева да - карантин кезінде неке қиюға шешім қабылдағандардың бірі. Қалыңдық та сүйгенімен осы мүмкіндікті пайдаланып, үлкен той жасамауды ұйғардық дейді. 

«Бізде екі адамға арналған үйлену тойы болады. Біз некемізді қиюға өтініш беріп қойдық. Жақын арада отасқанымызды растайтын куәлік аламыз. Екеуіміз естелікке фотосессия жасаймыз. Кейін құттықталарды ешкіммен байланысқа түспей тек қана қашықтан қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз», - дейді Ерке Мүшелбаева.

Той жасауға деген тыйым бір жағынан қуаныш иелері, яғни жас отбасының қазынасын үнемдеп қалса, екінші жағынан оларды ұйымдастырудан нәпақа тауып жүрген көптеген адамдардың қалтасын қаққаны анық. Негізгі істерінен қағылғанымен дені өз мамандықтарына қайтып келіп жатыр. Шығармашылықтың адамдары табыс көрудің өзге де жолдарын меңгеруде.

«Қазір той ойлайтын кез емес. Ресми түрде жаппай мерекелік шараларға тыйым салынған.  Қазір жағдайдың оңалғанын күтіп отырмыз. Осымен бітті деп ешкім қарап отырған жоқ. Жағдай міндетті түрде жақсаратыны анық. Әзірге қолдан келген іспен шұғылданып, түрлі бағыттағы шығармашылық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз», - дейді журналист Еркебұлан Тілеулин.

Әзірге адамдардың қалыпты өмірге қашан келері белгісіз. Вирусолог мамандардың айтуынша, карантин аяқталса да, вирус ешқайда кетпейді және санитарлық ережелердің сақталуы күнделікті әдетке айналуы керек. Ал отбасын құрамын деуші жастар үшін үйлену тойын жасап, жақындарының өміріне қауіп төндіру немесе денсаулығын сақтап қалу өз қолында. Сондықтан сарапшылар жаңадан үйленгендерге үйлену тойынан емес, үлкен той жасаудан бас тартуға кеңес береді.

«Ешкім де тойдан бас тартуды сұрамайды. Мысалы мен менің құрбым мен оның жолдасы той көйлегі мен костюмдерін сатып алды. Бастысы бұл сізге осы күннің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді, ал фотосуреттер естелік ретінде сақталып қалады. Болашақта балалары мен немерелеріне көрсетеді. Үйлену тойының барлық атрибуттары болуы керек. Тек мейрамхана ғана болмайды.Шын мәнінде, бұл тек екі жастың күні!», - дейді қалыңдықтың досы Айнұр Ахтанова.
 
Сонымен қатар, мерекені сезіну үшін мамандар пәтерді безендіруге де кеңес береді. Бірақ туыстар дастарханға бейне қоңырау арқылы ғана қосыла алады. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда карантин 17 тамызға дейін ұзартылған. Бұл уақытта мейрамханаларда жаппай тойлауға тыйым салынады.
 
 
Фото: the-wedding.ru