Павлодар өңірінен қола дәуіріне жататын құмыралар табылды

Павлодар өңірінен қола дәуіріне жататын құмыралар табылды

Павлодар облысында жер қазып жатқан жұмысшылар археологиялық қазбаларға тап болды. Ғалымдардың айтуынша, ауыл тұрғындары тауып алған қыш құмыралар қола дәуіріне жатады.

Железин ауданы, Башмачное ауылында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша су құбыры тартылуда. Ауыл әкімі Меруерт Молдағұлованың сөзінше, 29 шілде күні тұрғындар хабарласып, су құбыры тартылып жатқан учаскеде құмыра табылғаны жайлы айтқан.

«Жұмысшылармен сөйлескенімде бұл заттардың 1-3 метр тереңдіктен табылғанын айтты. 5-7 метр қашықтықта 5-6 данасы болған. Траншеяны бір рет қазғанда екеуі, екінші рет тағы екеуі анықталған. Кейбіреуі сынған күйде табылған. Жердің астынан алып шыққанда кейбіреуі үгіліп қалған. Қыш құмыраның әрбір бөлшегінде сурет бар. Сол суреттер бойынша жинап, 13-ін облыстық музейге тапсырамыз. Төртеуін археологтар алып кетті. Бұл - ыдыстардың бөлшектері. Ал бүтін құмыралар саны 4-5 дана», - деді Меруерт Молдағұлова.

Археологтар су құбырларын орнату кезінде табылған жәдігерлерді зерттей келе, олар  бұл бірегей жәдігерлер облыс аумағында алғаш рет табылғандығын айтып отыр.

 

Фото: e-history.kz