Абайдың ұрпағы: ұлы ақыннан тарау – үлкен жауапкершілік және мақтаныш

Абайдың ұрпағы: ұлы ақыннан тарау – үлкен жауапкершілік және мақтаныш

Абай Құнанбайұлының ұрпақтары  бүгінде қайда жүр? Тағдырлары қалай өрбіді? Ұлы тұлғаның ұрпағына оның қасиеті дарыған ба? Біздің телеарна тілшісі ұлы ойшылдың тікелей ұрпағы Ләйлә Баймағамбетовамен тілдесіп, ақынның артында қалған ұрпақтарының бүгінгі тіршілігімен танысып қайтты.

Ләйлә Баймағамбетова – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған Ақылбайдан тараған ұрпақ. Ақынның жиеншары әңгімесін шежіреден бастады.

«Менің анам Қауаш Әлімқұлқызы, Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі. Көзі тірі кезінде анам үнемі Семейде, Семейдегі музей қызметкерлерімен тығыз байланыста болды. Құнды деректермен бөлісіп, абайтанушылармен байланысын ажыратпаған еді. Анам Абайдың әйелдерінің, балаларының көзін көрген. Тұрағылды, Микайлды, Ізкайлды, әрине Әубәкірді, тіпті Абайдың кенже қызының көзін көрген»,- деп кеңінен тарқатты Ләйлә Мүхлесқызы.

Жиеншарының айтуынша, ақынның ұл-қызы, немерелері соғыс кезінде көз жұмған. Қаза тапқандар арасында ақындыққа жаны жақындары болыпты. Ал қазір ұлы ақынның өнерін жалғастырып, қаламын ұстайтын ұрпақтың жоғын айтады. Алайда, өмірін білім мен ізденімпаздыққа арнаған Ләйлә Мүхлесқызы арғы атасының атына сай болуға тырысып өскен.

«Менің отбасым білімге жақын болды. Әкем жоғары білімді азамат. Көп жылдар мемлекеттік қызметте қызмет атқарып, біздің барлығымыздың жоғары білім алуымызға атсалысты. Осы ретте айта кеткенім жөн болар, Уасиля Мағауяқызы Абай атамыз туралы мынандай естеліктерімен менімен бөліскен еді. Атамыз тек ер балаларын ғана емес, қыздарының да білім алғанын, тіл білгенін, парасаттылыққа бет бұрғанын қалаған. Немерелерінің, ары қарайғы ұрпақтарының білім мен ғылымға бір табан жақын болуын армандаған. Содан болу керек, менің әкем мен анам біздің білімді болуымыз үшін еңбек етті»-, деп ағынан жарылды ақынның жиеншары.

Ләйлә Мүхлесқызы анасының ізін жалғастырып, Семейдегі Абай атындағы музейде 15 жыл қызмет атқарған. Еңбек жолында талай тұлғалармен тілдесіп-жүздескен. Бауыржан Момышұлы, Фариза Оңғарсыновалармен жеке көрісіп, батасын алғанын мақтанышпен айтады. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, дана, ойшыл Абайдың ұрпағы болу үлкен жауапкершілік және мақтаныш дейді ол. Сондықтан артынан еріп келетін ұрпақтарына да бар білген, көрген, естігенін айтуды мақсат санайды.

«Мені үнемі мемлекеттік Ұлттық кітапхана түрлі шараларға арнайы шақырады. Онда жазушылармен, студент және оқушылармен кездесемін. Түрлі тақырыптарда дөңгелек үстелдер өтеді. Ол шараларға да атсалысамын. Сондай-ақ, Ұлттық музей, «Зерде» мектебіне де жиі болып тұрамын. Соңғысы Абай орталығын ашып, ашылу салтанатына өзім қатысқан болатынмын. Жастардың Абай мәдениетімен тығыз байланыста болғанын толық қолдаймын»-, дейді ол.

Қазір елордада өз балаларының қолында тұрып жатқан Ләйлә Мүхлесқызы арғы атасының басқа да ұрпақтарымен байланыста болуға тырысатынын айтады. Оның анасы Қауаштың Бағфур деген бауыры болған. Бағфурдан Айдар, Айдардан Данияр есімді ұл туған. Даниярмен әзірге Абайдың ұрпағы тоқтап тұр. Бір атаның балаларының басы жиі қосылмаса да, бірін бірі танитыны, білетіні және ең бастысы Абай атына кір келтірмей өмір сүру басты мақсат дейді Абайдың ұрпағы Ләйлә.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: sputniknews.kz