Әлемді мойындатқан әл-Фараби

Әлемді мойындатқан әл-Фараби

Әл-Фараби – әлемге ортақ тұлға. Жер-жаһанды мойындатқан Ұлы даламыздың ұлық перзентінің ғылыми еңбектері әлем ғылымына өлшесіз үлес қосты дейді, философия ғылымдарының докторы,профессор Жақыпбек Алтаев. Оның айтуынша, ғұламаның сүрген өмірі, ғылыми мұрасы, рухани әлемі көзі тірі кезінде-ақ әлем ғалымдарының назарын аудара бастаған. Асыл ойдың алыбы өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер дүниежүзі ғалымдарының еңбектерімен  толығып,«Фарабитану» атты бір тұтас ілімге айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады, дейді Жақыпбек Алтаев.

«Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы оқымыстыларының жазбалары кіреді. Екінші топқа Фарабитанудың тағы бір үлкен саласын ХIХ – ХХ ғасырдағы Египет, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы  үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, Фарабитану ғылымының бесінші тобына түркі тілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады. Өткен ғасырдың ортасында бұл іске түрік оқымыстылары білек сыбана атсалысты», - дейді фарабитанушы.

Ғұлама бабамыз 160 астам трактат жазып, әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерген екен. Әл-Фарабидің әлемге әкелген ең үлкен жаңалығы - антикалық мұра мен исламды біріктіре, жаңа бір мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. ХII-ХIIIғғ. өзінде-ақ оның философиялық трактаттары ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылды. Ортағасырлық Еуропа елдері классикалық ежелгі грек фиолософиясымен көп жағдайда әл-Фараби еңбектері арқылы танысты дейді профессор Алтаев.

«Мәселен, XIIғ. кезінде оның «Ғылымдар классификасы» деген еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. «Альфарабиуса» - «Сананың мәні туралы»,«Сұрақтар негізі» және Аристотельдің «Физика», «Поэтика» еңбектерінетүсініктемелері, «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен басқа да еңбектері XII ғ. бастап XVII ғ. дейін латын тіліне бірнеше ретаударылды. әл-Фарабидің кейбір трактаттары осы күнге тек латын тіліндегі аудармалар арқылы жетті, ал араб тіліндегі кейбір қолжазбалары өкінішке орай  сақталмаған», - дейді профессор.

Жақыпбек Алтаев ХIХ ғасыр соңында ұстаз мұрасына неміс ғалымдары да назар аударғанын айтады. Алғашқылардың бірі болып М.Штейншнейдер «Әл-Фараби» атты еңбегін жарыққа шығарған. Дегенмен ұстаз еңбегін неміс оқырмандары арқылы күллі Еуропа жұртшылығына кеңінен таныстырған аса көрнекті фарабитанушы, неміс ғалымы Фридрих Дитерици болды дейді,Жақыпбек Алтаев.

«Ол 1890 жылы Лондон, Лейден, Берлин қалаларында сақталған қолжазбалар негізінде әл – Фарабидің 8 трактатын араб тілінде шығарса, екі жыл өткен соң бұл трактаттарды неміс тіліне аударып, кең көлемді алғы сөзбен жеке кітап етіп бастырды», - дейді ғалым.

 Ғұлама ғалымның шығармаларына мың жылдан артық уақыт өтсе де, оның жазған еңбектері уақыттың қатал сынынан өтіп келеді. әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымызкерек, дейді профессор. Бүгінде бүкіл дүниежүзінің рухани демеушісі, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны - қазақ жері екені дәлелденді.