Қазақстанда жануарларға көрсетілген қатыгездікке қатысты жаза қатаңдатылады: сарапшылар мен қоғам өкілдері жаңа заң жобасын талқылады

Қазақстанда жануарларға көрсетілген қатыгездікке қатысты жаза қатаңдатылады: сарапшылар мен қоғам өкілдері жаңа заң жобасын талқылады

Көшеде қаңғып жүрген ит, мысық, жалпы, барлық жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды ілгерілету шаралары қабылданады.  Елімізде өтетін иттердің төбелесі де этикалық тұрғыда қайта қарауды қажет етеді. Кейбір хайуанаттар бағындағы және цирктердегі жануарларды ұстау ережелерінің қаталдығы азаматтардың ашу-ызасын тудыруда.  Еліміздің сала мамандары мен қоғам белсенділері онлайн режимінде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын талқылады. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, арнайы зерттеулер жануарларға көрсетілген қатыгез іс-әрекеттер біртіндеп адамдарға жасалатын аяусыздыққа айналатынын дәлелдеген. Тіпті қазіргі қоғамда маньяктардың, психикасында ауытқушылығы бар адамдардың көбеюіне әкеледі.

 «Қоғамда жануарларды қорғауға қатысты үндеу жасалынып жүр. Бұқаралық ақпарат құралдары да жануарларға қатысты қатыгездікке тыйым салатын тиісті заңнаманың жоқтығын жарыса жазып жүр. Мәселен жақында Шымкент қаласында ересек адам балалардың көзінше мысыққа оқ атқан, Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер мысықты шарбаққа асып кеткен, тағы бір елордалық жасөспірім кішкентай марғауды көпқабатты үйдің ең жоғары қабатынан лақтырып жіберген. Жануарларға жасалатын мұндай қатыгездік көп және бұл өзекті мәселе», - деді бас эколог.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамада жануарларға арналған баспана ұғымы және оларды салу стандарттары, үй жануарларын серуендету және күтіп ұстау ережелері жоқ. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелері қалалар мен елді мекендерде әртүрлі. Табиғат сақшылары көшедегі жануарларды хайуанаттар бағында ұстау керектігін алға тартп отыр.

«Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде жиі кездесіп жатыр. Алайда, бүгінде Қазақстандағы жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін тағайындалатын жаза тым жеңіл. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша, бірінші кезекте, жануарларды хайуанаттар бағында ұстауға қойылатын талаптарды қатаңдатуды алға қойып отырмыз. Сондай-ақ, жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды қаржыландыру, зоологиялық волонтерлікті қолдау мен оқушылар, студенттер арасында да жануарларға жауапкершілікпен қарау идеясын ілгерілету шараларын қабылдау жоспарда бар», - деді министр.

Қазіргі таңда құжат үкіметтің қарауында жатыр. Бүгінде елімізде үй, жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ екенін айта кеткен жөн.

 

Фото: 4vsar.ru