Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай бірнеше онлайн-конкурс жарияланды

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай бірнеше онлайн-конкурс жарияланды

Абай – дүниежүзіне танылған дүр ақын, ғұлама ойшыл. Биыл ұлы ақынның 175 жылдығы аясында оның шығармашылығына терең бойлау, той тойлауға емес, ой ойлауға ден қою көзделген. Әсіресе келешек ұрпақтың бойына Абай шығармаларын дарыту мен балалар әдебиетінде жаңа рухани кеңістікті ашу арқылы Абайға бетбұрыс жасау маңызды. Ұлттық академиялық кітапхана жанындағы Балалар кітапханасы жариялаған «Асыл сөзді іздесең...» атты онлайн-марафонның көздеген мақсаты да осы – өскелең ұрпақты Абай өлеңдерімен сусындату, дейді ұйымдастырушылар.

«Онлайн-марафонға 7–14 жас аралығындағы кез-келген балалар қатыса алады. Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқып, ұзақтығы 3 минуттан аспайтын шығармашылық ізденіспен, сапалы түсірілген бейнебаяндарын жіберулері керек. Қашықтан өткізілетін марафон 3 тамызда бастау алды, қатысамын деушілер 23 тамызға дейін бейнебаяндарын  жібере алады. Марафонның мақсаттарының бірі –Абай шығармашылығына оқырмандар тарапынан қызығушылықты арттыру, сондай-ақ, қатысушы балалардың оқу шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін арттыру, ой-өрісін кеңейту және тұлғалық болмысын дамыту»,- дейді Ұлттық академиялық кітапханасы жанындағы балалар әдебиеті секторының жетекшісі Нұргүл Әміржанова.

 Абай қаласының орталық балалар кітапханасы ұсынып отырған «Сен Абайды білесің бе?» атты онлайн әдеби-танымдық таныстырылымның да мүддесі осыған ұқсас. Онда балалар хәкім Абайдың шығармашылығымен жіті танысып, кітапхана қорындағы ойшыл туралы басылымдар мен кітаптарды оқуына жағдай жасалған.

Ал, Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры өз кезегінде кәсіби емес орындаушылар арасында «Абай әндері» онлайн-байқауын жариялады. Байқауға қатысамын деушілер ақынның әндерін музыкалық сүйемелдеумен немесе жай,  жеке немесе ансамбльмен орындап, аудиовизуалды жазба түрінде бейнебаян ұсынулары қажет.

«Абайдың 175 жылдығына орай, 2020 жылы ТҮРКСОЙ елдерінің қатысуымен халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған болатын. Алайда, пандемияға байланысты барлық іс-шараларды кейінге шегеруге тура келді. Дегенмен, біз онлайн-конкурс өткізіп, оған әр түрлі жастағы кәсіби емес орындаушыларды тартуды ұйғардық. Өйткені, Абай - халық ақыны. Осылайша, біз шығармашылықтың шегін кеңейтеміз. Қатысушылар да түрлі жанрда, жеке немесе ансамбльде шығармаларын орындай алады. Байқау сонымен қатар таланттарды анықтауға арналған»,- деді  Абай атындағы ҚМАОБТ директоры Ая Қалиева.

Ал жүзден жүйрік шыққандар  «Галерея Арт шақырады!» жобасы аясында өтетін концерттерге шақырылады. Айта кетейік,бүгінгі таңда байқауға 70-ке жуық өтінім түсіп, байқау жеңімпаздарын анықтау үшін ашық дауыс беру басталды. Қорытынды және байқау жеңімпаздарының есімдері ұйымдастырушының ресми www.gatob.kz сайтында және әлеуметтік желілердің ресми парақшаларында 10 тамызда белгілі болады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: qazaquni.kz