#3жаңаәдет челленджі – отандық бизнестегі жаңа тренд

#3жаңаәдет челленджі – отандық бизнестегі жаңа тренд

Қазақстанда санитарлық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған кезекті челлендж тарады. «Үш жаңа әдет» атты акцияны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шілде айында бастаған. Осылайша, іскерлер азаматтарға санитарлық нормаларды еске салып отыруды жөн көріпті. Шара халық арасында қандай өзекті болса, кәсіпте де сондай маңызға ие. Челленджі танымал спортсмендер, журналистер мен блогерлер, сондай-ақ шоу бизнес өкілдері де бірден қолдап әкетті. #3жаңаәдет хештегімен арнайы пост салушылардың қатарында - Серік Сәпиев, Қымбат Досжан, Ғалым Байтук, Қайрат Әділгерей, Ерлан Сайыров және өзге де танымал тұлғалар бар. Әлеуметтік марафонның шарты тым оңай - ол Қазақстан азаматтарын қолды дұрыс жууға, маска тағуға және дистанцияны автоматты түрде сақтауға шақырады.

«Біз 10 күн бұрын жалпыұлттық #3zhanaádet #3жаңаәдет атты челленджді бастадық. Әріптестер, кәсіпкерлер сіздердің барлықтарыңызда әлеуметтік желіде парақшаларыңыз бар. Өз парақшаларыңыз, кәсіптеріңіздің парақшасы арқылы жаңа әдет челленджін қолдауларыңызды сұраймыз. Біз бұл жаңа әдеттің мүмкін дерлік барлық жерде болғанын қалаймыз. Ол видеороликте ме, сіздердің тауарларыңызда ма, кеңселеріңізде ме. Жалпы, үйден шыққанда адамдар оны көріп, автоматты түрде сол шарттарды орындауға кірісетіндей болуы тиіс», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов.

Өз кезегінде кәсіпкерлер аталмыш марафонға белсенді түрде атсалысқанын атап өткен жөн. Мысалы, жұмыртқа өндіруші отандық кәсіпорын өнімін «үш жаңа, маңызды әдетті сақтау керек» деген жазбамен шығара бастады.

«Біз әрдайым салауатты өмір салтын ұстануды қолдаймыз. Ал қазір біздің денсаулығымыз, бүкіл адамзаттың денсаулығы қауіп алдында тұр. Демек, ел экономикасын одан әрі дамыту мәселесі де өткір тұр. Сондықтан алдын алу шаралары ешқашан артық болмайды. Аталған профилактикалық шаралар қаншалықты біздің өмірімізге тез еніп кетсе, соншалықты қалыпты жағдайға тез ораламыз»,- дейді кәсіпкер Александр Прядко.

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: zakon.kz