ҚР Премьер-Министрі жаңа оқу жылына дайындықты белсенді жүргізуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі жаңа оқу жылына дайындықты белсенді жүргізуді тапсырды

Асқар Мамин Үкіметке жаңа оқу жылына дайындықты жылдамдатуды тапсырды. Ол үшін 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыру керек, деп атап өтті Премьер-Министр.

«Оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Дайындықты бұдан да жандандыру керек. Қашықтан оқытудың методологиясын пысықтап, балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», - деді Асқар Мамин

Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, олар қолжетімді болуы керек. Цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етсін, деп толықтырды Үкімет басшысы.

Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың дерегіне сай, 24 мың ұстаздың компьютері жоқ немесе интернет қолжетімсіз. Бұл мәселені министрлік мектептердің техникасын уақытша беру арқылы шешпек.

«Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, үлкен тапшылық бар, оны ашық айтуымыз керек. Тек қана қолында ешқандай құрылғысы жоқ 185 мың бала бар. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған және жетім балаларды қамту мәселесі өте өзекті. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін кем дегенде, 500 мың компьютер техникасы осы балаларға таратылатын болады», - деді ҚР БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: primeminister.kz