ҚР БҒМ жаңа оқу жылында қанша оқушы қашықтан білім алатынын хабарлады

ҚР БҒМ жаңа оқу жылында қанша оқушы қашықтан білім алатынын хабарлады

1 қыркүйектен бастап интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 миллион оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Оның айтуынша, елдегі санитарлық жағдайлар ескеріліп жаңа оқу жылына қарқынды дайындық жүріп жатыр.

«Алдын-ала болжам бойынша интернет платормалары мен интернетті пайдалана отырып, қашықтан оқу форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде»,- деді АсхатАймағамбетов.

Министрдің айтуынша, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Бұл жағдайда ол балалардың тек бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқитынын атап өтті.

«Сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын болады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады», - деді ведомство басшысы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: almaty.kz